Ақтөбелік малшы бала ағылшын тілін үйренді

 

Ауылда жүріп шет тілін меңгерген жасөспірім көпшілікті таңқалдырды. Ақтөбе облысы Мәртөк ауданында тұратын жасөспірім Исмаиль Молдашев күнделікті өмірін әлеуметтік желі арқылы бөлісіп жүр. Ол мал бағудың қыр-сырын, төрт түліктің күтімін, табыс табу тәсілдерін парақшасында тұрақты түрде жариялап отырады.

Айгерім ЖҰМАБАЕВА

kerekinfoaktobe@gmail.com

– Менің туған жерім – Шымкент қаласы. 2016 жылы отбасымызбен Астана маңындағы Қазақстан ауылына көшіп бардық. Сол жерде 5-сыныпқа дейін оқыдым. Қысы қатал болған соң Ақтөбе өңіріне қоныс аударуға тура келді, – дейді Исмаиль.

Отбасы 2020 жылы Ақтөбе облысына көшіп келіп, бүгінде Мәртөк ауданының Родниковка ауылында тұрады.

Малды кәсіпке айналдырған отбасы

Исмаиль жеті балалы отбасында өсіп келеді. Үш інісі, екі ағасы, бір қарындасы бар. Ең кішісі – 4 жаста, үлкен ағасы – 22-де. Ата-анасымен бірге тұрады.

– Біз отбасымызбен мал шаруашылығымен айналысамыз. Қазір мектепке барып оқымаймын, үйден онлайн білім аламын. Уақытым өзіме ыңғайлы. Мал бағатын болған соң, мектепке барып уақытымды босқа өткізгім келмейді деп ойлаймын, – дейді ол. Бүгінде отбасы 57 бас ақбас сиыр ұстайды. Бұрын мал саны көбірек болғанымен, күтімі қиынға соққан соң азайтқан.

– Өзімізге қажет етке қой-ешкі бағамыз. Ал сиырларды негізінен сатуға шығарамыз. Асыл тұқымды бұқалар да бар. 2021 жылы сүтті бағыттағы бұқаны 400 мың теңгеге алдық. Жақында швед тұқымды бұқа сатып алдық, – дейді Исмаиль.

Әлеуметтік желі арқылы ағылшын тілін меңгерді

Мал бағып жүріп ағылшын тілін үйренген жасөспірімнің айтуынша, шет тілін меңгеру үшін ең алдымен ниет пен мақсат қажет.

– Ағылшын тілін үйрену – менің көп жылдан бергі арманым. Алғашында интернет арқылы Қытайдан АҚШ-қа тауар жөнелту тақырыбы қызықтырды. Трендтегі тауарларды сата бастадым. Сол кезде ағылшын тіліне деген қызығушылығым артты. Үйден YouTube арқылы қарап, ағамның көмегімен үйрендім. Әлеуметтік желіні де жақсы меңгеріп алдым. Әлі де үйренетінім көп, грамматикадан қателіктер бар. Үйде менен басқа ешкім ағылшын тіліне қызықпайды, – дейді ол. Исмаиль ағылшын тілін үйренуді тоғыз жылдан бері армандағанын айтады.

Болашаққа жоспар көп

Қалаға жиі баруға мүмкіндік жоқ. Тек шаруамен анда-санда қатынайды. Болашақта мал шаруашылығын дамытып, ет бордақылап, супермаркеттер мен гипермаркеттерге өнім жеткізуді жоспарлап отыр.

– Делдалсыз, тікелей сауда орындарымен жұмыс істегім келеді. Тағы бір арманым – университетке түсу. Білімсіз болмайды. Шетелде оқығым келеді, – дейді ол.

Онлайн оқудың да өз қиындығы бар

Исмаильдің пікірінше, бастауыш сыныпты мектепте оқыған дұрыс.

– 5-сыныпқа дейін мектепте оқу керек деп ойлаймын. Ал одан кейін онлайн оқып, жұмыс істеп, уақытты тиімді пайдалануға болады. Бірақ ешкімге мектепке бармау керек деп айтпаймын. Егер басқа салада болсаң, мектептегі білім маңызды. Үйден оқу да оңай емес. Ата-анам көмектесіп, түсінбегенімді түсіндіріп отырады, – дейді ол.

Мал бордақылау – негізгі табыс көзі

Отбасы сиырларды бордақылап, кейін жіліктеп сатады. Бір бұқаның бағасы шамамен 800–900 мың теңгеге дейін жетеді.

– Сүт өнімдерін көп жағдайда сатпаймыз. Мал шаруашылығын одан әрі дамытып, табысты қалай арттыруға болатынын әлеуметтік желі арқылы оқырмандарыма бөлісіп отырамын, – дейді Исмаиль.

Қоғам
15:24, 22 январь 2026
213
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив