Ақтөбелік ананың жанайқайы
35 жастағы Айдана — көпбалалы ана. Оның төртінші баласы ерекше күтімді қажет етеді. Айдананың айтуынша, бала бірнеше жылдан бері тұрақты түрде оңалту шараларынан өтіп келген. Отбасының негізгі табысы да осы ем-шараларға жұмсалып отырған.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
kerekinfoaktobe@gmail.com
Кейіпкердің айтуынша, өміріндегі қиындықтар жақын араласып жүрген құрбысының кәсібіне байланысты басталған.
— Сегіз жыл бойы араласқан құрбым болды. Ол сұлулық саласында жұмыс істеді. Кәсібін кеңейту үшін қаржы қажет екенін айтып, инвестор тарту мәселесін көтерді. Сол кезде оған кепіл болатын адам керек болғанын айтты, — дейді Айдана.
Айдананың сөзінше, құрбысы оның отбасына келіп, жолдасының кепіл болуын өтінген. Жақын қарым-қатынасты негізге алып, еш күмәнданбастан келісім берген.
— Ол біздің үйімізге жиі келетін, отбасымызға жақын адам болды. Сол сенім шешім қабылдауға әсер етті, — дейді кейіпкер.
Қарыз міндеттемесі және оның салдары
Айдананың айтуынша, арада екі ай өткен соң, белгісіз адамдар қоңырау шалып, қарыздың өтелмегенін хабарлаған. Сол кезде ғана кепілдік келісімнің салдары белгілі болған. Жағдайды заңгерлер қараған. Айдананың айтуынша, сот шешімімен қарызды өтеу міндеттемесі кепіл болған тарапқа да жүктелген.
— Қазір жолдасымның жалақысының 50 пайызы қарызды өтеуге ұсталып отыр. Бұл біздің тұрмысымызға қатты әсер етті, — дейді ол.
Айдананың айтуынша, қаржылық қиындық салдарынан баласының оңалту емдері уақытша тоқтаған.
— Ең ауыр соққы — баланың еміне қаражат жетпей қалуы. Бұл отбасымыз үшін өте қиын кезең, — дейді ол.
Айдананың айтуынша, қарыз мәселесі сотқа жеткен. Ақтөбе қалалық соты арыз бойынша, тараптар арасындағы медиациялық келісімге сүйене отырып, жауапкерден қарызды өндіру туралы сот шешімін шығарған. Сот актісі бойынша қарыз сомасы 19 миллион теңгеден астам, мемлекеттік баж және өкілдік шығын да есепке алынған. Бұл акт соттық орындалатын құжат мәртебесіне ие, яғни заң бойынша міндетті түрде орындалуы тиіс.
— Қазіргі уақытта отбасы қарызды қайтаруды күтіп отырмыз, бұл шешім біздің қаржылық жағдайымызды реттеп берер еді, — дейді Айдана.
Медиативтік келісім және байланыс мәселесі
Айдананың айтуынша, тараптар арасында медиативтік келісім жасалғанымен, ол толық орындалмаған. Сондай-ақ, қарсы тараппен байланыс орнату қиынға соғып отырғанын жеткізді.
— Хабарласуға тырысқанымызбен, байланыс шектеулі. Бұл жағдай отбасымыздағы қарым-қатынасқа да әсер етті, — дейді ол.
Айдана құқық қорғау органдарына ресми түрде жүгінгенін айтып, мәселенің заң аясында шешілуін күтетінін жеткізді.
Айдана тіпті құрбысының туыстарын тауып, жағдайды түсіндіргенін хабарлады. Бірақ соған қарамастан, құрбысы келісім талаптарын орындамағанын айтады. Айдана Матаева құқық қорғау органдарына ресми арыз түсірген. Бар үміті құрбысы ақшаны қайтарса екен дейді. Баласының емін жалғастырып тыныш өміріне оралғанын қалайды.
- Редакцияға хабарласу себебім, басымнан өткен жағдай күн санап ушығып барады. Шешіледі деген үмітпен жылға жуық уақытым өтті. Жақыным деген адамға қатты сенуге болмайтынын түсіндім. Сондай адамға құшағымды жайып, төріме шығарып, жаныма жақын тартқаныма қатты өкінемін. Сегіз жылдық достықтың соңы - баламның емі тоқтап, отбасымның шайқалуына әкелді,-деп күрсінді. Жағдайды білмек болып, құрбысына хабарласқан едік. Алайда ол өз тарапынан пікір айтудан бас тартты. Редакция қарсы тарап пікір білдіруге дайын болған жағдайда, оны жариялауға әзір.
Құқықтық ескерту:
Бұл материалда келтірілген мәліметтер кейіпкердің редакцияға берген жеке түсініктемесіне негізделіп жазылды. Тараптардың түпкілікті жауапкершілігі сот тәртібімен айқындалады. Қазақстан Республикасының қолданыстағы "Масс-медиа туралы" заңына сәйкес, сұхбат беруші өз мәлімдемесінің дұрыстығы және мазмұнына толықтай өзі жауап беретінін ескертеміз. Редакция жарияланған деректер арқылы қандай да бір тұлғаның ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіруді мақсат етпейді. Қарсы тарап өз ұстанымын білдіруге ниет танытқан жағдайда, редакция оны жариялауға дайын.

