Ақтөбедегі түрмеде картоп езбесінен телефон шықты

Картоп езбесінен телефон шықты
Ақтөбе облысында ҚАЖ мекемесіне тыйым салынған затты өткізуге бағытталған кезекті әрекеттің жолы кесілді. Ер адам түрмедегі танысына картоп езбесіне ұялы телефон жасырып, кіргізбек болған.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
kerekinfoaktobe@gmail.com
Оқиға 24 шілде күні Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №70 мекемесінде болған. Тексеру кезінде тергеудегі азаматқа арналған сәлемдеменің ішіндегі картоп езбесіне жасырылған «Nokia» маркалы ұялы телефон мен оған арналған SIM-карта табылды. ҚАЖ департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл дерек бойынша тыйым салынған затты өткізуге әрекет жасаған азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік материал рәсімделді. Құжаттар заң талаптарына сәйкес қарау үшін сотқа жолданған. Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті түзеу мекемелеріне тыйым салынған заттарды өткізудің кез келген әрекеті заңмен қудаланатынын ескертіп, азаматтарды қолданыстағы заң талаптарын сақтауға шақырады.


