Ақтөбеде тергеу изоляторына есірткі кіргізбек болған күдікті ұсталды
Ақтөбеде Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №70 мекемеде тыйым салынған затты кіргізбек болған күдікті ұсталды. Бұл туралы ҚАЖД баспасөз қызметі хабарлады.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
Kerekinfoaktobe@gmail.com
Азық-түлік қабылдау бөлмесінде тексеру жүргізу барысында сотталған азаматқа есірткі жеткізуге әрекеттенген танысы ұсталды. Тексеру кезінде медициналық назальды спрейдің ішіндегі сұйықтықтың психотроптық затқа ауыстырылғаны анықталды. Сондай-ақ «3 в 1» кофе қаптамасындағы ұнтақтың да психотроптық затпен араластырылғаны белгілі болды.
Аталған дерек бойынша сәлемдемені әкелген азаматқа қатысты тиісті құжаттар рәсімделіп, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған бапта бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
