Ақтөбе экологиясына қандай қауіп төніп тұр?
Ақтөбеде мұнай қалдықтарын қайта өңдейтін екі кәсіпорын салу жоспарлануда.Бір зауытты қаланың солтүстік бөлігіндегі Өнеркәсіп аймағында (Промзона), ал екіншісін оңтүстік бөліктегі 41-разъезд ауданында орналастыру көзделіп отыр. Егер бұл жобалар мақұлданып, іске асырылатын болса, мұнай қалдықтарын қайта өңдеу барысында атмосфераға бөлінетін зиянды заттардың әсерінен Ақтөбе қаласының экологиялық жағдайы күрделенуі мүмкін.
Ренат ТАИПОВ
aktobetimes@list.ru
Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласында бірнеше мұнай өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Әрине, олардың қызметі қала экологиясына қосымша салмақ түсіреді. Ара-тұра бұл кәсіпорындар Ақтөбені мезгіл-мезгіл басып қалатын күкіртсутектің қолайсыз иісінің көзі болуы мүмкін деген күдікке ілігеді. Алайда экологтар әзірге олардың кінәсін де, жағымсыз иістің нақты қайдан шығатынын да дәлелдей алмай отыр.Болжам бойынша, алдағы жылдары Ақтөбедегі ауа сапасы жақсара қоймайды. Керісінше, жағдай одан әрі күрделене түсуі мүмкін.2027 жылы Ақтөбе қаласының аумағында мұнай қалдықтарын қайта өңдеумен айналысатын бірден екі кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр. Оның бірі – «Самұрық XXI» ЖШС – Өнеркәсіп аймағында (Промзона), Ақтөбе ферроқорытпа зауытының (АЗФ) маңында орналастырылмақ. Ал екіншісі – «Алау и К» ЖШС – 41-разъезд ауданында, тұрғын үйлерден небәрі 300 метр қашықтықта салынуы жоспарланған.
Өнеркәсіп аймағындағы қайта өңдеу
Өнеркәсіп аймағында «Самұрық XXI» ЖШС мотор майларын, трансмиссиялық және жағармайларды, сондай-ақ автожанармай құю станцияларының (АЗС) резервуарларында жиналған түпкі шламдарды қайта өңдеуді бастауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, кәсіпорында целлофан қалдықтары мен қолданыстан шыққан автокөлік шиналары да қайта өңделмек.Жалпы алғанда, компания 14 500 тонна қалдықты өңдеуді көздеп отыр.Кәсіпорын қайта өңдеу нәтижесінде пеш отынын, кеме отынын, сондай-ақ гудрон мен мазут өндіруді жоспарлаған.Әрине, мұндай өндіріс барысында атмосфераға көптеген зиянды заттардың таралуы мүмкін. Олардың қатарында азот диоксиді мен азот оксиді, күкірт диоксиді, көміртек тотығы (иіс газы), метан, формальдегид, күкіртсутек және басқа да қауіпті қосылыстар бар.Кәсіпорынды іске қосу 2026 жылдың желтоқсан айына жоспарланып отыр.
41-разъезд ауданындағы қайта өңдеу
«Алау и К» ЖШС 41-разъезд ауданында көмірсутекті шикізатты қайта өңдеу, пайдаланылған майларды қалпына келтіру және мұнай қалдықтары қоспасын кәдеге жаратуға арналған өндірістік база салуды жоспарлап отыр.Кәсіпорында жылына жалпы көлемі 3 600 тонна шикізат өңделмек.Компания қайта өңдеу нәтижесінде тауарлық май, пеш отынын және гудрон өндіруді жоспарлап отыр.Кәсіпорын жұмысын 2027 жылдың бірінші тоқсанында бастауды көздеп отыр.Атмосфераға шығарылатын қалдықтар көлемі де едәуір болады деп күтілуде. Олардың құрамында азот диоксиді, күкірт диоксиді, шекті көмірсутектер қоспасы, күкіртсутек, бензол және басқа да көптеген зиянды заттар болуы мүмкін.
Зиянды шығарындылар қаланы қамтуы мүмкін
Еске сала кетейік, 41-разъезд ауданында қазірдің өзінде «Ақтөбе Мұнай Өңдеу» ЖШС жұмыс істейді. Бұл кәсіпорында экологтар бірнеше рет заңбұзушылықтарды анықтаған болатын.Егер мұнай қалдықтарын қайта өңдейтін тағы бір зауыттың салынуына рұқсат берілсе, билік облыс орталығының оңтүстік бөлігінде жаңа мұнай-өнеркәсіптік аймақтың қалыптасуына жол ашуы мүмкін.Бұл аумақта Кеңес дәуірінен бері негізінен тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары, азық-түлік қоймалары және ауыл шаруашылығы нысандары орналасқан еді.Сонымен қатар Ақтөбеде ең күшті әрі ұзаққа созылатын желдер дәл осы оңтүстік бағыттан соғады. Кеңес кезеңінде де бұл ерекшелік ескерілген болатын. Ол уақытта экологиялық қауіпсіздік мәселесі бүгінгідей басты назарда болмағанына қарамастан, өндірістік нысандарды орналастыру кезінде мұндай факторлар назарға алынған.Ал қазір экономикалық мүддені бірінші орынға қою осы «моральдық-экологиялық» шектеуді де жойып бара жатқандай. Мұндай шешімдер жүздеген мың ақтөбеліктің денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.


