Ақтөбелік қатерлі ісікті қарасорамен емдемек болған


Ақтөбеде ер адам қатерлі ісікке қарсы ем ретінде қарасораны қолданбақ болған. Алайда пәтерінің балконында  есірткі өсірген тұрғын  темір тордан бір-ақ шықты.

Жансая ЕСМАҒАНБЕТ

kerekinfoaktobe@gmail.com

Сот құжаттарына қарағанда, ер адам 2025 жылдың тамызында қарасора өсірмек  болады. Сөйтіп, ол әлеуметтік желі арқылы құрамында есірткі бар өсімдіктің 5 тұқымына тапсырыс берген. Соңыра қарасораны өсіру үшін  гүл құмыраларын, фитошам, топырақ, желдеткіш, фольгамен қапталған гофра құбыры мен  әмбебап органикалық тыңайтқыштарды сатып алған. Осылайша   пәтерінің балконына  арнайы бокс жабдықтап,  өсімдіктің жақсы өсуіне қолайлы  жағдай жасаған. Бір ай бойы қарасораны күтіп-баптап, өсірген. Алайда оның бұл заңсыз әрекеті  полиция қызметкерлері жүргізген  жедел іздестіру шаралары барысында әшкере болды. Пәтерге тінту жүргізген тәртіп сақшылары бөлме өсімдігі ретінде өсірілген қарасораны анықтап, тәркілеген. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген өсімдіктер кептірілмеген күйдегі «қарасора (каннабис)» есірткі құралы болып табылады. Олардың жалпы салмағы 271,08 грамды құраған. Бұл заңнамаға сәйкес ірі мөлшер болып саналады. Сот отырысы кезінде 46 жастағы  сотталушы өз кінәсін мойындады. Оның айтуынша, ол қуықтың қатерлі ісігіне шалдыққан. Ол қарасораны өсіріп, ем ретінде қолданбақ болыпты. Алайда құрамында есірткі бар өсімдікті қолданып та үлгермеген көрінеді.

-Әкем  жас кезінде онкологиялық аурудан қайтыс болды. Сол себепті  өз денсаулығыма алаңдап, аурудан  айығудың түрлі жолдары мен емдеу тәсілдерін іздей бастадым. Әлеуметтік желілер арқылы көптеген ғылыми мақалаларды оқыдым.  Сол арқылы бұл ауруды  тағамға қоспа ретінде медициналық қарасораны (каннабисті) қолдану арқылы емдеуге  болатынын білдім. Дәстүрлі емдеу тәсілдері оң нәтиже бермегендіктен, медициналық мақсаттағы қарасораны егіп, өсіруге шешім қабылдадым.  Әлеуметтік желі арқылы қарасораның тұқымдарына тапсырыс бердім. Кейін балкондағы шкафқа бес гүл құмырасының әрқайсысына бір-бірден қарасора тұқымын егіп, оларды өсіре бастадым.  Топырақ, гүл құмыралары, желдеткіш және гофра құбыры бұрыннан үйімде  болды.  Өйткені бұрыннан бөлме өсімдіктерін өсіремін. Ал фитошамды әлеуметтік желі арқылы тапсырыс беріп сатып алдым. Шамамен бір айдан кейін биіктігі 25–30 сантиметрдей болатын бес түп қарасора өсіп шықты. Ол өсімдіктерді әр үш-төрт күн сайын суарып, күтіп -баптадым.  2025 жылдың  9 желтоқсанында таңертең медициналық талдау тапсыруға барар алдында қарасора түптерінен кесінді алып, талдаудан кейін оны пайдалануды жоспарлаған едім. Алайда сол күні полиция қызметкері келіп, менде  тыйым салынған заттардың бар-жоғын сұрады. Мен  қарасора  бар екенін айтып, оны өз еркіммен тапсырдым.  Қарасораны тек жеке пайдалану үшін өсірдім. Оны басқа адамдарға беру немесе өткізу ниетім  болмады,-деді ол.

   Айтуынша, ол қазіргі уақытта Марат  Оспанов атындағы медициналық орталықта ем қабылдап жатыр. Алдағы үш жыл бойы тұрақты түрде химиотерапиядан өтуі және қажетті дәрілік препараттарды үздіксіз қабылдауы қажет. Сол себепті сотталушы  соттан өзін бас бостандығынан айырмауды сұрап, мұндай жаза оның денсаулығы мен өміріне кері әсер етуі мүмкін екенін жеткізді. Ақтөбе қаласының №2 сотының  үкімімен сотталушы Александр Иванченко  Қылмыстық Кодекстің 300-бабы 2-бөлігі (өсіруге тыйым салынған құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіру) бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық -атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді. Бұған дейін үй қамағында болған ер адам сот залында қамауға алынды. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін полиция  басқармасының сақтау камерасына тапсырылған заттай дәлелдемелер жойылады.

Әлеумет
10:11, 31 июль 2026
15
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив