Ақтөбеде 23 адамнан ВИЧ анықталған
Өңірде АИТВ инфекциясы өткен жылмен салыстырғанда 26 пайызға азайды. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдер арасында, инъекциялық есірткі қолдану арқылы жұқтыру жағдайлары тіркелмеген. Бұл туралы облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
kerekinfoaktobe@gmail.com
Облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы алдын алу бөлімінің меңгерушісі міндетін атқарушы Алтынай Есетқызының айтуынша, өңірде халықтың негізгі қауіп топтары мен жастар арасында АИТВ-ның алдын алуға бағытталған алты ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Болашақ мұра» қоғамдық қоры, ал ЖИТС, туберкулез және безгекпен күрес жөніндегі Жаһандық қордың қолдауымен «Наша жизнь» қоғамдық қоры профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
Жыл басынан бері облыста 23 адамнан АИТВ инфекциясы анықталған. Олардың он сегізі – ер адам. Қалғаны әйел адамдар. Олардың барлығы инфекцияны жыныстық қарым-қатынас арқылы жұқтырған.
Бүгінде облыста АИТВ диагнозымен диспансерлік есепте 590 адам тұр. Олардың 95 пайызы антиретровирустық терапиямен толық қамтылған. Барлық дәрі-дәрмек мемлекет есебінен тегін беріледі. Сонымен қатар ем қабылдап жүрген пациенттердің 94 пайызында вирустық жүктеме толық басылған. Бұл көрсеткіш республикалық жоспарлы деңгейден жоғары.
Алғашқы белгілері қандай?
Мамандардың айтуынша, АИТВ жұқтырғаннан кейін көп жағдайда адам ұзақ уақыт бойы ешқандай өзгеріс байқамауы мүмкін. Кейбір адамдарда жұқтырғаннан кейін 2-4 апта ішінде тұмауға ұқсас белгілер пайда болады. Олардың қатарында дене қызуының көтерілуі, тамақтың ауыруы, мойын, қолтық және шап тұсындағы лимфа түйіндерінің ұлғаюы, денеге бөртпе шығуы, әлсіздік, тершеңдік, бас ауруы, тез шаршау, бұлшықет пен буындардың сырқырауы кездеседі. Кей жағдайда жүрек айну мен құсу байқалуы мүмкін.
– Вирус бірнеше жыл бойы ешқандай белгі бермеуі де ықтимал. Сондықтан адамның сырт келбетіне қарап оның АИТВ жұқтырғанын анықтау мүмкін емес. Өз мәртебесін білудің жалғыз жолы – қан талдауынан өтіп, тест тапсыру, – дейді Алтынай Есетқызы.
Қазіргі таңда экспресс-тест арқылы нәтижені 15–20 минут ішінде алуға болады. Дегенмен жұқтырғаннан кейін ағзада вирусқа қарсы антиденелердің қалыптасуына белгілі бір уақыт қажет болғандықтан, қауіп болған жағдайда дәрігердің кеңесіне сәйкес қайта тексерілу маңызды.
Бір рет қорғаныссыз жыныстық қатынас та қауіп төндіреді.
АИТВ үш негізгі жолмен жұғады: қорғаныссыз жыныстық қатынас кезінде, қан арқылы және анадан балаға жүктілік, босану немесе емізу кезеңінде. Қауіп қан құю кезінде, стерильденбеген медициналық немесе косметологиялық құралдарды пайдаланғанда да туындауы мүмкін. Сондықтан маникюр, педикюр және татуаж қызметтерін тек санитарлық талаптарды сақтайтын орындардан алу қажет.
– Бір рет болған қорғаныссыз жыныстық қатынас арқылы да АИТВ жұқтыру қаупі бар. Сондықтан қауіп төндіретін жағдай орын алса, міндетті түрде тестілеуден өткен жөн, – дейді маман.
Жүкті әйелдер міндетті түрде екі рет тексеріледі
Мамандар жүкті әйелдерді АИТВ-ға міндетті түрде екі мәрте тексеру жүргізілетінін айтты. Егер инфекция анықталса, әйелге бірден антиретровирустық терапия тағайындалады. Сондай-ақ оның жыныстық серіктесі де міндетті түрде тексеріледі. Уақтылы басталған ем анадан балаға инфекцияның берілу қаупін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.
116 мың адам тексеруден өтті
Алты айдың ішінде облыста 116 мыңнан астам адам АИТВ-ға зертханалық тексеруден өтті. Осылайша облыс халқының 11 пайызын тестілеумен қамту жөніндегі жоспар толық орындалды. Сонымен қатар мобильді «Сенім пункттері» арқылы ұйымдастырылған акциялар барысында 2 500-ден астам тұрғын анонимді экспресс-тестілеуден өткен.
АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы халықтың негізгі қауіп топтары мен жастар арасында профилактикалық жұмысты күшейткен. Қазіргі уақытта өңірде үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен алты жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Болашақ Мұра» қоғамдық қоры жұмыс істесе, ЖИТС, туберкулез және безгекпен күрес жөніндегі жаһандық қордың қолдауымен «Наша Жизнь» қоғамдық қоры өз қызметін атқаруда.
Науқастарды емдеу көрсеткіштері де жоғары деңгейде сақталып отыр. Биыл диагноз қойылған барлық пациенттер бірден диспансерлік есепке алынып, антиретровирустық терапияны уақытылы бастаған. Бүгінде АИТВ-оң мәртебесі белгілі адамдардың 95 пайызы ем қабылдап жатыр. Бұл республикалық жоспардағы 93 пайыздық межеден жоғары. Ал ем қабылдап жүрген пациенттердің 94 пайызында вирустық жүктеме толық басылған. Бұл көрсеткіш те жоспарланған 92 пайыздан асып түсті.
Ақпараттық түсіндіру жұмыстары күшейтілді
Алдын алу бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да күшейтілген. Жылдың алғашқы жартысында орталық мамандары 9 816 адамды қамтыған 550 профилактикалық іс-шара өткізді. Өткен жылдың осы кезеңінде 7 940 адамды қамтыған 420 іс-шара ұйымдастырылған болатын. Әсіресе білім беру ұйымдарында, жастар денсаулық орталықтарында, медициналық мекемелерде, кәсіпорындарда және үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен жұмыстардың көлемі артқан.
– Қол жеткізілген нәтижелер – денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарының, үкіметтік емес сектордың, бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Осындай серіктестік қана АИТВ инфекциясының алдын алу жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді, – дейді облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының басшысы Айгүл Дүйсенбаева.
Өз мәртебеңді біл
Дәрігерлер кез келген адам АИТВ-ға тегін, құпия және қауіпсіз түрде тест тапсыра алатынын еске салады. Ерте анықталған жағдайда заманауи емнің арқасында АИТВ-мен өмір сүретін адамдар ұзақ әрі белсенді өмір сүре алады.Мамандардың айтуынша, өңірдегі оң көрсеткіштерге қарамастан, АИТВ қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Өзінің АИТВ мәртебесін білудің жалғыз жолы – тестілеуден өту. Заманауи диагностика қауіпсіз, құпия әрі қолжетімді. Ал ауруды ерте анықтап, емді уақытында бастау АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың ұзақ әрі белсенді өмір сүруіне мүмкіндік береді.


