Ақтөбе мыс зауыты 500 тонна қауіпті шығарындылар мен 6 000 тонна зиянды қалдық өндіреді

Қытайлық компанияның зауыт салу жобасына 100 млн доллар инвестиция тартылған. Кәсіпорын Ақтөбе тұрғындарына 100 жыл бойы экологиялық қауіп төндіруі мүмкін.Тек бір жылдың ішінде атмосфераға 155 тонна азот диоксиді, 34 тонна мыс, 7 тонна күкірт және 9 тонна аммиак бөлінуі жоспарланып отыр.

Ренат ТАИПОВ

aktobetimes@list.ru

Қытайлық компаниялар Ақтөбеде салып жатқан мыс зауыты өте үлкен көлемде зиянды қалдықтар мен қауіпті шығарындылардың көзіне айналуы мүмкін. Кәсіпорын әуежай маңындағы Арнайы экономикалық аймақ аумағында бой көтереді.Іс жүзінде бұл зауыт Ақтөбенің оңтүстік бөлігін жаңа экологиялық қауіп аймағына айналдыруы ықтимал. Ал мыс зауыты Ақтөбедегі негізгі ластану көздерінің қатарына қосылып, АХЗС пен АЗФсекілді ірі өнеркәсіп орындарымен бір деңгейге шығуы мүмкін.Еске сала кетейік, зауыт құрылысының басталуына 25 мамырда жол берілген болатын. Ақтөбе билігі өкілдері кәсіпорын құрылысына 100 млн доллар инвестиция тартылатынын және зауыттың өнімі – мыс катанкасы мен кабельдер – Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен Еуропалық Одақ нарықтарына жеткізілетінін мәлімдеген еді.Қытайлық инвесторлармен келісімшарт жасалғаны белгілі. Зауытты 2027 жылдың соңына қарай іске қосу жоспарланып отыр. Кәсіпорынның пайдалану мерзімі 100 жылға, яғни 2127 жылға дейін есептелген.

7 маусымда «АТ» редакциясы «Мыс зауыты Ақтөбені Қазақстанның барлық өңірлерінен әкелінетін қалдықтар полигонына айналдыруы мүмкін» атты мақаласын жариялаған болатын. Онда мыс өндірісінің аса қауіпті екені ескертілген еді. Ол кезде редакцияда қалдықтар мен шығарындылар көлеміне қатысты нақты сандық мәліметтер әлі болмаған. 29 шілдеде басшысы Жао Жинбяо болып табылатын «Phoenix Industrial Group» ЖШС Мемлекеттік экопорталда «Жоспарланып отырған қызмет туралы мәлімдемені» жариялады. Бұл құжат зауыт құрылысын бастамас бұрын қажетті рұқсаттар мен келісімдерді алу үшін міндетті түрде жасалатын рәсімдердің бірі болып табылады.

Құжатта көптеген дәлсіздіктер мен қайталанған мәліметтер кездескенімен, оның мазмұны зауыттың Ақтөбе өңіріне келтіруі мүмкін экологиялық зиян деңгейін бағалауға мүмкіндік береді.

      Кәсіпорынның іргетасын қалау кезінде шенеуніктер зауыттың жылдық өндірістік қуаты бірінші кезеңде 25 мың тонна мыс өнімін, ал екінші кезеңде 50 мың тоннаны құрайтынын мәлімдеген болатын. Алайда «Жоспарланып отырған қызмет туралы мәлімдемеде» кәсіпорынның қуаты екі есеге арттырылып көрсетілген: бірінші кезеңде – 50 мың тонна, екінші кезеңде – 100 мың тонна. Соған сәйкес, шығарындылар мен қалдықтардың көлемі де екі есеге көбейеді.Кабельдер мен мыс катанкасы Қазақстанның барлық өңірлерінен, тіпті басқа мемлекеттерден де Ақтөбеге әкелінуі мүмкін болатын мыс сынықтарынан өндіріледі. Ақтөбеде қайта өңделетін қалдықтардың түрлері мен көлемі құжатта толық көрсетілмеген. Сондықтан әуежай артындағы ауқымды аумақ түсті металл қабылдайтын үлкен қоймаға айналып кетуі мүмкін деген қауіп бар.Мыс тазартылғаннан кейін температурасы 1080°C-тан жоғары пештерге жіберіліп, сұйық күйге дейін балқытылады. Одан кейін құю және прокаттау желілерінде қажетті пішінге келтіріледі.

 Атмосфераға шығарылатын шығарындылар

Кәсіпорын бір жыл жұмыс істегенде атмосфераға жалпы көлемі 490 тонназиянды зат шығарады деп көрсетілген. Оның ішінде:

  • 34 тонна – мыс оксиді;
  • 155 тонна – азот диоксиді;
  • 26 тонна – азот оксиді;
  • 7 тонна – күкірт диоксиді;
  • 121 тонна – өлшенген бөлшектер;
  • 9 тонна – аммиак;
  • 136 тонна – көміртек тотығы (иіс газы).

Кәсіпорын құрылысы кезеңінде атмосфераға жалпы көлемі 1513 тонна қауіпті зат шығарылуы мүмкін. Олардың қатарында қорғасын, хром, бензапирен, хлорэтилен, алюминий оксиді, марганец пен никель қосылыстары, азот диоксиді, формальдегид, гидроксибензол, сынап, күкірт диоксиді, бутанол, циклогексанон, этанол және басқа да көптеген улы заттар бар.

 Мыс өндірісінің қалдықтары

Қайта өңделген шикізаттан катанка мен кабель өндіру барысында, әрине, үлкен көлемде өндірістік қалдықтар пайда болады. Олардың жиналып, АЗФ шлактарына ұқсас үлкен үйінділерге айналу қаупі бар.Зауыт жылына кемінде 6 000 тонна түрлі қалдық шығарады деп көрсетілген. Оның ішінде:

  • 5 000 тонна – түсті металдардың қалдықтары мен сынықтары;
  • 500 тонна – түсті металдардың жоңқалары;
  • 150 тонна – қатты тұрмыстық қалдықтар;
  • 30 тонна – пластик және полимер материалдар;
  • 20 тонна – кабель өнімдерінің қалдықтары;
  • 10 тонна – тазарту қондырғыларынан шығатын шлам;
  • 8 тонна – қауіпті заттармен ластанған қаптама қалдықтары;
  • 600 кг – құрамында сынабы бар қалдықтар.

Кәсіпорын осы қалдықтарды кейін қалай жоятыны немесе кәдеге жарататыны туралы құжаттарда нақты мәлімет берілмеген.

 Су тұтыну

 Кәсіпорынның су тұтыну көлемі де өте жоғары болады, оның ішінде жабдықтарды салқындатуға қажетті су мөлшері де бар. Айта кету керек, құжатта су пайдалану бөлімі белгісіз себептермен 4 рет қайталанған. Мұндай қайталау, әрине, нақты әрі толық түсінік бермейді. Құрылыс кезеңінде 140 мың текше метр су қажет болады. Оның 100 мыңы шаруашылық-ауызсу қажеттіліктеріне, ал 40 мыңы шаңды басу және құрылыс жұмыстарына жұмсалады. Компания өкілдері судың сырттан тасымалданатынын мәлімдеген. Құжаттарға сәйкес, кәсіпорын іске қосылғаннан кейін жылына 8 950 текше метр су шаруашылық-ауызсу қажеттіліктеріне, ал 5 750 текше метр суөндірістік мақсаттарға пайдаланылмақ. Зауыт суды, әрине, қалалық су құбыры жүйесінен алуды жоспарлап отыр.Өндірістік ағын суларды тазарту үшін кәсіпорын арнайы тазарту қондырғылары жүйесін салуы тиіс. Алайда түптеп келгенде, бұл ағын сулар қалалық кәріз жүйесіне жіберілмек. Ал ол жерден толық тазартылмаған су Елек өзеніне құйылады.Белгілі болғандай, Елек өзені бұған дейін де АХЗС мен АЗФ кәсіпорындарынан тараған хром және Алға химия зауытынан түскен бор қалдықтарымен тарихи тұрғыда ластанған. Енді өзен суындағы мыс және басқа да металдардың мөлшері артуы мүмкін деген қауіп бар.

250 адам жұмыспен қамтылады

Құжаттың шағын ғана бөлігінде жобаның өңір үшін беретін оң әсері сипатталған. Алайда онда «Ақтөбе тұрғындары арасынан қосымша ресурстар тарту» деген жалпылама тұжырымнан басқа нақты мәлімет келтірілмеген.Зауыт Арнайы экономикалық аймақ аумағында орналасатындықтан, кәсіпорын көптеген салықтық жеңілдіктерге ие болады.Сонымен қатар, зауытта небәрі 250 адам жұмысқа орналасады деп жоспарлануда. Олардың бір бөлігі, шамасы, Қытай азаматтары болуы мүмкін.Салыстыру үшін айтар болсақ, экологиялық зиянына қарамастан, АЗФ кәсіпорнында кемінде 4 000 адамеңбек етеді.Сондықтан қытайлық мыс зауытын салу арқылы құрылатын жұмыс орындарының экономикалық әсері шамалы болады, ал оның Ақтөбедегі экологияға және жүздеген мың тұрғынның денсаулығына тигізетін кері әсері орасан болуы мүмкін.

Мыс зауыты кезінде «АҚТӨБЕ» деген жазу түрінде отырғызылған орманның орнына салынады

 2017 жылы әуежайдың арғы жағындағы аумаққа 1 миллионнан астам ағаш отырғызылған болатын. Оның бір бөлігі әуежайға жақындап келе жатқан жолаушыларға жоғарыдан көрінетін «АҚТӨБЕ» деген жазуды бейнелеуі тиіс еді.Бұл мақсатқа 90 миллион теңге қаржы бөлінген. Алайда 2019 жылға қарай барлық көшеттер қурап қалған. Себебі билік оларды суаруға қажетті қаржыны қарастырмаған.Енді жақын уақытта «А» және «К» әріптері орналасқан аумақта мыс зауытының құрылысы басталмақ. Бұл кәсіпорын облыс орталығында таза экология орнату туралы армандарға үлкен қауіп төндіруі мүмкін.


Экология
15:30, 06 август 2026
232
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив