Жаңа кәріздік тазарту кешенінің құрылысы басталды
Ақтөбеде көптен күткен жаңа кәріздік тазарту кешенінің құрылысы басталды. Құрылысты 2028 жылдың мамыр айында аяқтау жоспарланып отыр.
Ренат ТАИПОВ
Жаңа кәріздік тазарту құрылыстарын (КТҚ) салу қажеттілігі туралы билік өкілдері мен эколог-активистер бірнеше ондаған жыл бойы айтып келді. Қазіргі қолданыстағы КТҚ 1981 жылдан бері пайдаланылып келеді. Облыс әкімдігінің мәліметінше, олардың тозу деңгейі 70 пайызға жеткен. Ескі КТҚ Ақтөбе қаласының қазіргі 600 мың тұрғынына есептеліп салынбаған. Сонымен қатар кәріз ағындылары тазартудың барлық қажетті кезеңдерінен өтпеген. Нәжіс аралас, толық тазартылмаған ағын сулар Елек өзеніне төгілген. Оларды сұйылту мақсатында көктем мезгілінде Ақтөбе су қоймасынан су жіберіліп отырған. Жаңа КТҚ құрылысы тамыз айында басталды. Облыс әкімдігі жариялаған фото және бейнематериалдарға қарағанда, қазіргі уақытта жер жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа КТҚ қолданыстағы ескі құрылыстардың маңында орналасады. Ал қазіргі жұмыс істеп тұрған ескі КТҚ-ның одан арғы тағдыры әзірге белгісіз. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жаңа құрылыстар іске қосылғаннан кейін ескі КТҚ-ның жағдайына талдау жүргізіледі. Соның нәтижесінде оларды қайта жаңғырту мәселесі қарастырылуы мүмкін.
Қалалық ағын сулардан биогаз өндіріліп, электр энергиясы алынбақ
Жаңа кәріздік тазарту құрылыстарында (КТҚ) қолдану жоспарланып отырған ағынды кәріз суларын тазарту технологиясы туралы «Aqtobe su-energy group» АҚ бас директоры Нағымжан Алдияров айтып берді
Ақтөбеде жаңа кәріздік тазарту құрылыстарын (КТҚ) салу жұмыстары басталды. Жаңа КТҚ тәулігіне 100 мың текше метр ағын суды тазартуға есептелген. Ал ең жоғары жүктеме кезінде оның өнімділігі тәулігіне 130 мың текше метрге дейін жетеді.Айта кету керек, жаңа КТҚ-ның жобалық қуаты қазіргі қолданыстағы тазарту құрылыстарының өнімділігінен аса үлкен емес. Облыс әкімдігінің мәліметінше, қазіргі КТҚ-ға тәулігіне орта есеппен 70–80 мың текше метр ағын су түседі. Ал су тасқыны кезеңінде бұл көрсеткіш 95 мың текше метрге дейін жетуі мүмкін.Қазіргі қолданыстағы КТҚ 1981 жылы пайдалануға берілген. Ол кезде Ақтөбе қаласында шамамен 200 мың адам тұрған. Қазір қала халқының саны 600 мыңнан асты. Егер жоспар жүзеге асып, жаңа КТҚ 2028 жылы іске қосылса, сол уақытқа қарай облыс орталығының халқы 700 мыңға жуықтауы мүмкін.
Соған қарамастан, билік өкілдері мен коммуналдық кәсіпорын басшылығы жаңа жобаға оптимистік көзқараспен қарап отыр.«Aqtobe su-energy group» АҚ бас директоры Нағымжан Алдияровтың айтуынша, жаңа кәріздік тазарту құрылыстарының басты ерекшелігі — төрт деңгейлі тазарту жүйесі болады. Технологиялық үдеріс механикалық және биологиялық тазартуды, ультракүлгін сәулемен залалсыздандыруды, сондай-ақ тұнбаны өңдеп, одан биогаз алуды қамтиды.Түзілген тұнбаны кептіріп, түйіршіктерге (гранулаларға) айналдыру жоспарланып отыр. Ал өндірілген биогаз электр энергиясын өндіруге пайдаланылмақ.Әкімдік мәліметінше, жаңа КТҚ іске қосылғаннан кейін тазартылған суды балық шаруашылығы мақсатында пайдалануға немесе белгіленген экологиялық талаптар сақталып, қажетті жобалық құжаттама болған жағдайда су нысанына ағызуға болады.
Жаңа КТҚ құрылысына Еуропалық қайта құру және даму банкі 43 млрд теңге бөлді. Қарыз Еуропалық қайта құру және даму банкінен мемлекет кепілдігімен алынған. Қарызды өтеуге жұмсалатын шығындардың тек 10 пайызы жергілікті бюджеттен бөлінеді. Ал 90 пайызы республикалық бюджет есебінен өтеледі.
Жаңа кәріздік тазарту құрылыстарының (КТҚ) құрылысын қаржыландыру мәселесі туралы Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров айтып берді.
— Жаңа кәріздік тазарту құрылыстарын салу — бұл қаланың дамуымен ғана емес, экологиялық және санитарлық қауіпсіздікпен де байланысты қажеттілік. Жобаны қаржыландыру Еуропалық қайта құру және даму банкінің қарыз қаражаты есебінен, мемлекет кепілдігімен жүзеге асырылады. Қарызды өтеу және оған қызмет көрсету шығындарының 90 пайызына дейін республикалық бюджет есебінен, ал кемінде 10 пайызы жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етіледі. Осылайша, барлық қаржылық салмақ тұрғындардың мойнына түспейді.
Жаңа станция тәулігіне 130 мың текше метрге дейінгі ағын суды өңдеуге есептелген. Бұл қала үшін алдағы жылдарға қажетті өндірістік қуат қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жоба аясында қолданыстағы инфрақұрылымға қатысты жұмыстар да қарастырылған. Атап айтқанда, тазартылған суды бұру үшін пайдаланылатын екі құбырға санация жүргізіп, олардың герметикалығын қамтамасыз ету жоспарланып отыр, — деді өңір басшысы.


