Түнгі клубтан пышақ пен есірткіге ұқсас орама табылды
Ақтөбеде түнгі клуб тексеріліп, тыйым салынған заттар анықталды.Ойын -сауық орнына келушілердің арасында 17 жастағы жасөспірім де болған. Бұл жөнінде облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
kerekinfoaktobe@gmail.com
Ақтөбеде «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында түнгі клубтардың бірі тексерілді. Ойын-сауық орынын тінту барысында ерлер дәретханасынан есірткі заттарына ұқсас үш орама табылған. Сонымен қатар металл кастет пен екі жиналмалы пышақ тәркіленді. Бар сөресінің маңынан төрт кальян анықталды.Полиция қызметкерлері клубта 2009 жылы туған кәмелетке толмаған жасөспірімнің болғанын да анықтады. Бұл кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына қатысты заң талаптарын бұзу болып саналады. Тексеру барысында анықталған құқық бұзушылықтар бойынша ойын-сауық орнының әкімшілігіне қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 132-бабы, 441-бабының 1-бөлігі және 200-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Бұл баптар-кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол беруге, темекі өнімдерін тұтынуға белгіленген тыйымды бұзуға және алкоголь өнімдерін өткізу саласындағы заң талаптарын сақтамауға қатысты.Сонымен қатар тексеру барысында клубтың күзетшілері тиісті еңбек шарттарын жасамай жұмыс істегені анықталды. Жалпы, полиция бөліміне 17 адам жеткізілді.
Тәркіленген заттар олардың құрамын және есірткіге немесе айналымына тыйым салынған өзге де заттарға қатыстылығын анықтау үшін сараптамаға жіберілді. Қазіргі уақытта полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына қатысы бар адамдарды анықтау және ықтимал қылмыстық құқық бұзушылықтарды құжаттау бойынша тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр.


