Ақтөбеде веложол үшін сотталған шенеунік бостандыққа шықты
Ақтөбеде жобалық-сметалық құжаты жоқ құрылысқа келісім бергені үшін сотталған экс-шенеунік жазасын өтеп, бостандыққа шықты.
Жансая ЕСМАҒАНБЕТ
kerekinfoaktobe@gmail.com
Естеріңізге сала кетелік, былтыр Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы Жанболат Құсмұхамбетов 3 жылға сотталған еді. Ол құны 1,3млрд теңге болатын веложолдың жобалық-сметалық құжаты болмағанына қарамастан, алғашқы келісімшартқа қол қойғаны үшін айыпталған еді. Құрылыс жұмыстары барысында 665 млн теңгенің жұмысы атқарылды деп ақша аударылған. Бірақ аудиттік тексеріс кезінде 34 млн теңгеден астам қаржының жұмысы орындалмағаны белгілі болды. Актіге қол қойылып, жұмыс қабылданған.Алғашында іс Қылмыстық кодекстің «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша сотқа түсті. Кейін Қылмыстық кодекстің «Лауазымды өкілеттіліктерді теріс пайдалану» бабына өзгертілді. Соңыра іс Қылмыстық Кодекстің "Салғырттық" бабы бойынша аппеляциялық сатыда қайта қаралды. Сотта Жанболат Құсмұхамбетов кінәсін мойындаған жоқ. Ол жобалық -сметалық құжатты өзі жасамағанын, тек бекіткенін алға тартты. Әрі веложолға қатысты жұмыстың орындалған актілеріне қол қойып, ақша аудармағанын да айтты. Алайда сот оның уәждерін жоққа шығарды. Өйткені тексеру барысында веложол құрылысына жасалған шарт жарамсыз деп танылған. Әрі қолданылған құрылыс материалдарының талапқа сай еместігі анықталған. Құрылыс жұмысы жоба бойынша 2023 жылдың желтоқсан айында аяқталуы тиіс еді. Алайда веложол құрылысы сол күйі аяқталмаған және пайдалануға қабылданбаған. Сот Жанболат Құсмұхамбетовті лауазымды тұлға ретінде өз міндеттерін тиісінше орындамағаны, қызметіне жосықсыз қарағаны, соның салдарынан заңмен қорғалатын мемлекет мүдделеріне зиян келтіргені және абайсызда аса ірі мөлшерде залал келтіру түріндегі ауыр зардаптарға әкеп соққаны үшін кінәлі деп тапты. Экс-шенеунік 2 жылға бас бостандығынан айрылып, қосымша жаза ретінде 1 жыл бойы мемлекеттік органдарда басшылық лауазым атқару құқығынан айырылды. Алайда ол негізгі жазасын өтегендіктен, бостандыққа шықты.

