Ақтөбеде үш адам терроризмді насихаттағаны үшін сотталды

Қарғалы ауданының үш тұрғыны терроризм мен діни экстремизмді насихаттағаны үшін сотталды. Олар 7-8 жылға бас бостандығына айырылды.
Қылмыстық іс Қарғалы аудандық сотында қаралды. Тергеу органдары Дәулеткерей Назанов пен Сұңғат Қартбаевқа Қылмыстық Кодекстің 174-бабының 2-бөлігі (Әлеуметтiк, ұлттық, этностық, нәсiлдiк немесе дiни алауыздықты қоздыру) және 256-бабының 2-бөлігі бойынша ( Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру), ал Руслан Бектемісовке Қылмыстық Кодекстің 256-бабының 2-бөлігі бойынша(Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру )айып тағылды. Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотталушылар терроризм мен діни экстремизмді насихаттайтын радикалды идеологияның ықпалымен қасақана әрекет етіп, адамдар тобы құрамында қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпке қарсы бағытталған, діни алауыздықты қоздыруға бағытталған ауыр қылмыстық құқық бұзушылық жасаған.Сотта олар өздеріне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Сот үкімімен Дәулеткерей Назанов пен Сұңғат Қартбаев 8 жылға бас бостандығынан айырылса, Руслан Бектемісов 7 жылға сотталды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Сотталушылар аппеляциялық шағым түсірді.


