Ақтөбеде күнбағыс арқылы топырақтан хромды шығару бойынша эксперимент басталды

 Швейцариялық эколог АХЗС-тың ескі полигонында сынақ жұмыстарын бастады

Ренат ТАИПОВ

aktobetimes@list.ru

Ақтөбедегі топырақ пен судың хром қосылыстарымен ластанғаны белгілі. Әсіресе хромның концентрациясы негізгі ластаушы кәсіпорындар – АХЗС пен Ақтөбе хром қосылыстары зауытының (АХЗ) аумақтарында жоғары.Топырақтан хромды шығарудың әртүрлі, алайда қымбат әдістері әзірленген. Швейцариялық эколог, MORE ZEN қауымдастығының жетекшісі Александр Гельфант қарапайым әрі шығыны аз тәсілді – улы жерлерде гипераккумулятор өсімдіктерді өсіруді ұсынады.Әдістемені сынақтан өткізу үшін экологқа кеңестік кезеңнен бері пайдаланылып келген АХЗС полигондарының бірінен жер телімі бөлінді. Эксперименттің екі мақсаты бар. Біріншісі – ластанған топырақта биоматтардың көмегімен өсімдіктер өсіру мүмкіндігін зерттеу. Екіншісі – өсімдіктердің көмегімен топырақ құрамындағы хромды шығару мүмкіндігін анықтау.

– Өздеріңіз түсінгендей, улы жерлерде қандай да  бір нәрсе  сирек өседі. Әдетте мұндай жерлерге тиіспеуге, қазбауға кеңес беріледі, дейді Александр Гельфант «АТ» газетіне берген сұхбатында. – Сондықтан менің тәсілім өзгеше болды. Топырақтың үстіне биоматтар төседім. Олар өсімдік биомассасымен толтырылған киіз тәрізді төсеніштер (қарапайым тілмен айтқанда, мульча) болып табылады. Улы топырақта өсімдіктер нашар дамиды. Ал тұқымдар биоматтардың ішіне себілген кезде, олар қорғаныш қабатының астында болады. Осылайша өтпелі кезең қалыптасады: өсімдіктер біртіндеп күш жинап, өскен сайын ортаға бейімделіп, тамыр жайып, жерсіне бастайды.

Эксперимент жүргізу үшін Александр Гельфант күнбағыс тұқымын таңдады. Олар жақсы өніп, жасыл масса жинады.

Күнбағыс сіздердің өңірлеріңізде өте жақсы өседі, – дейді эколог. – Оның үстіне, ол хромға салыстырмалы түрде төзімді. Тағы бір маңызды қасиеті бар – күнбағыс хромды сабақтарында жинақтап, сіңіре алады. Соның арқасында топырақтағы хромның концентрациясы төмендейді. Сондай-ақ хромның бұл жағдайда алты валентті күйден үш валентті күйге, яғни уыттылығы төмен түрге өтетіні де дәлелденген.

Әрине, құрамында хром жинақталған күнбағыстың тұқымы мен жасыл массасын ешбір жағдайда тағамдық мақсатта пайдалануға болмайды. Олар мал азығына да жарамсыз.

Тұқымдарын биодизель өндіруге пайдалануға болады. Ал сабақтарын, жапырақтарын және гүлшоғырларын – себеттерін міндетті түрде өртеу керек. Оның үстіне, оларды АХЗС-та жұмыс істеп тұрған пиролиз пештерінде жағу қажет. Ал күлін, әрине, залалсыздандыру немесе оқшаулап сақтау керек, – дейді А. Гельфант.

   Егер эксперимент оң нәтиже берсе, улы топырақтарға күнбағыс отырғызу тәжірибесін ауқымды түрде жүзеге асыруға, яғни оны АХЗС-тың басқа да аумақтарында қолдануға болады.

Экология
10:45, 31 август 2026
140
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив