Ақтөбе облысы әкімдігі мыс зауыты туралы пікір білдірді

Облыс әкімдігі мыс зауытын салу жоспарына қатысты өз ұстанымын білдірді. ауыт құрылысына қатысты құжаттарда қателер жіберілген. Мыс өндірісімен танысу үшін Қытайға арнайы топ жіберілді. Ақтөбеліктерді өз пікірлерін білдірмеуге шақырып отыр. Сонымен қатар әкімдік экологияға және қала тұрғындарының денсаулығына зиян келтіруі мүмкін кез келген жобаның жүзеге асырылуына жол берілмейтінін мәлімдеді.

 Ренат ТАИПОВ

aktobetimes@list.ru

Ақтөбе облысының әкімдігі «АТ» газетінде мыс зауытын салу жоспарларына қатысты жарияланған бірқатар мақалаға жауап берді. Еске сала кетейік, «Phoenix Industrial Group» ЖШС Қытай инвесторларының қаржысына зауытты қала аумағында іске қосуды жоспарлап отыр. Кәсіпорынды әуежайдан бірнеше метр жерде орналасқан Арнайы экономикалық аймаққа орналастыру көзделген.

  «АТ» газетінде жарияланған мақалаларға негіз болған деректер компанияның Экопорталда орналастырған «Жоспарланып отырған қызмет туралы мәлімдемесінен» алынған болатын. Құжатта зауыттың жыл сайын ауаға 490 тонна зиянды шығарындылар бөлетіні және әртүрлі, соның ішінде қауіпті кемінде 6 мың қалдық түзетіні көрсетілген.

    26 тамызда облыс әкімдігінің сайтында жарияланған хабарламада әкімдік Мәлімдемеде көрсетілген кейбір көрсеткіштердің «нақтылыққа сәйкес келмегенін» мәлімдеді. Айтуларынша, мұндай қателіктерді құжатты дайындау кезінде мердігер ұйым жіберген.

      Әкімдік хабарламасынан бұрынғы Мәлімдеменің кері қайтарылатыны белгілі болды. Оның орнына қалдықтар мен шығарындылар көлеміне қатысты нақтыланған есептеулер енгізілген жаңа құжаттар әзірленеді. Жаңа Мәлімдеме де экологиялық скрининг рәсіміне жіберіледі.

     «Осыдан кейін ғана жоба өндірістің барлық техникалық және экологиялық параметрлері – шығарындылар, тазарту жүйесі, суды пайдалану, қалдықтарды басқару мәселелері тексерілетін кешенді мемлекеттік экологиялық сараптамаға өтеді», – делінген хабарламада.

     Әкімдік өкілдері сараптама барысында екі қоғамдық тыңдау өткізілетінін де атап өтті. Бұл туралы бұған дейін «АТ» газеті Экология департаментінің түсіндірмесіне сілтеме жасай отырып жазған болатын.

     Облыс әкімдігі инвестордың журналистер, эколог-белсенділер және салалық сарапшылар үшін 24–30 тамыз аралығында Қытайға таныстыру сапарын ұйымдастырғанын хабарлады. Сапар барысында олар мыс өндіретін кәсіпорындарға барып, өндіріс орындарымен танысуы тиіс.«АТ» газетіне белгілі болғандай, белсенді ақтөбелік экологтардың арасынан Қытайға тек Евгений Лазарчук аттанған. Ал «АТ» тілшілеріне бұл сапарға қатысу жөнінде ешқандай ресми шақырту түспеген.

      «Мемлекет үшін инвестиция тарту маңызды, алайда экологиялық қауіпсіздік – басты басымдықтардың бірі. Сондықтан әрбір жоба экологиялық талаптарға сәйкестігі тұрғысынан мұқият бағаланады және қоршаған орта мен халықтың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін жобаларды жүзеге асыруға ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ», – деп облыс әкімдігі тұрғындарды сабырға шақыратын мәлімдеме жасады.

      Сонымен қатар әкімдік «тұрғындарды экологиялық сараптамаға қатысты заңнамада көзделген рәсімдер аяқталғанға дейін мерзімінен бұрын баға беруден бас тартуға» шақырды.

     Бұл үндеудің мәні түсінікті болғанымен, ол экологиялық скрининг рәсімінің талаптарына толық сәйкес келе бермейді. Өйткені бұл рәсім өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіргісі келетін әрбір қазақстандықтың пікірін жинауды және оны ескеруді, соның ішінде экологиялық сараптама жүргізілгенге дейін де пікір білдіру мүмкіндігін қарастырады.

Экология
10:57, 31 август 2026
183
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив