Ақтөбеде сотталғандарға жаңа жұмыс орны ашылды

 Ақтөбе облысында жазасын өтеушілерді еңбекпен қамтуға арналған жаңа өндірістік учаске ашылды. Енді  100-ге жуық сотталған адам кәсіпорында тек жұмыс істеп қана қоймай, сол жерде тұра алады.  Жоба олардың еңбек дағдыларын қалыптастырып, бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделуіне мүмкіндік бермек.

Айгерім ЖҰМАБАЕВА

kerekinfoaktobe@gmail.com

Мемлекет басшысы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі сотталғандарды жұмыспен қамту деңгейін арттыруды тапсырған болатын. Осы міндетті орындау аясында Ақтөбе облысында кәсіпкерлердің қолдауымен жаңа өндірістік учаске іске қосылды. Нысанның басты ерекшелігі – жазасын өтеушілер мұнда тек жұмыс істеп қана қоймай, арнайы жабдықталған ғимаратта тұра алады. 560 шаршы метрлік ғимарат құс фабрикасының қаражаты есебінен салынған. Мұнда асхана, жатын бөлмелер, тәрбие бөлмесі және жуынатын орындар қарастырылған. Яғни сотталғандардың жұмыс істеуіне де, күнделікті тұруына да қажетті жағдай жасалған.

       Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары, полковник Қанат Алпысбаевтың айтуынша, мұндай жобалардың негізгі мақсаты – сотталғандарды еңбекке тартып, оларды қоғамға қайта бейімдеу.

– Мемлекет басшысы түзету мекемелеріндегі сотталғандарды еңбекпен қамту бойынша тапсырма берді. Осыған байланысты ҚАЖ департаменті Кәсіпкерлер палатасы мен облыстық прокуратураның қолдауымен, кәсіпорынның  көмегімен жаңа өндірістік учаске ашты. Мұнда 100 адамға дейін еңбекпен қамтылады. Сотталғандар осы жерде тұрып, жұмыс істейді, – деді Қанат Алпысбаев.

   Оның айтуынша, еңбекпен қамту сотталғандардың тәртіпке бейімделуіне де әсер етеді. Жұмыс істеген азаматтар жалақы алып, өздеріне қатысты сот шешімдері бойынша міндеттемелерін орындауға мүмкіндік алады. Оның ішінде алимент пен сот талаптары бойынша төлемдер де бар.Қауіпсіздігі барынша төмен №9 мекемесінде жазасын өтеушілердің мекеме аумағынан тыс жерде жұмыс істеуіне мүмкіндік қарастырылған. Мұнда жазасын өтеуге келген және тиісті талаптарға сай азаматтарды жұмыспен қамтуға басымдық беріледі. Қазір мекемеде жұмыссыз отырған сотталғандар жоқ. Мекемеде жол-көлік оқиғасына байланысты, ұрлық, алаяқтық және басқа да қылмыстар бойынша сотталған азаматтар жазасын өтеуде.

Жаңа өндірістік учаске-Ақтөбе облысындағы алғашқы жобалардың бірі. Алдағы уақытта тағы бір нысанды іске қосу жоспарланып отыр. «Нұрсәт» құрылыс нысанында 50 сотталған азаматты орналастырып, оларды темір бұйымдарын өндіру жұмысына орналасады,-дейді Қанат Алпысбаев.  Қылмыстық-атқару жүйесі өкілдерінің айтуынша, сотталған адамды еңбекке тарту – оны жазалаудың ғана емес, бостандыққа дайындаудың да бір жолы. Тұрақты жұмыс арқылы азамат еңбек тәртібіне үйреніп, кәсіби дағды жинайды. Бұл оның жазасын өтеп болған соң қоғамға қайта қосылуын жеңілдетуге бағытталған. Сонымен қатар қауіпсіздігі төмен мекемеде жазасын өтеушілерге жақындарымен телефон арқылы сөйлесуге де мүмкіндік берілген. Мұндай жағдайлар олардың қоғаммен байланысын үзбей, қалыпты өмірге біртіндеп бейімделуіне мүмкіндік береді.

Қоғам
16:04, 03 сентябрь 2026
146
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив