Ақтөбеде уәдеге сенгендер өкініп қалды
Ақтөбеде ұлттық нақыштағы киімдер мен әшекей сататын дүкенге инвестиция салған тұрғындар полиция департаментінің алдына жиналды. Олар тергеудің баяу жүріп жатқанына наразылық білдірді.
Назгүл ӘБЕТОВА
Дүкенге инвестиция салып, алданып қалған тұрғындар арнайы чат ашқан. Онда 130 адам отыр. Күдікті қазір үйқамақта. Алайда адвокат Нұрболат Қамысбайдың айтуынша, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы бір адамға ғана қатысты қолданылған. Бірақ бұл схемада ұйымдасқан топ әрекет еткен.
-Дүкен иесі үйқамақта отыр. Ал осы қылмысқа қатысы бар басқа да адамдар неге жауапкершілікке тартылмайды? Алаңдайтынымыз осы. Бұл жөнінде бірнеше рет арыз жазғанбыз. Тіпті Президент әкімшілігіне де арыз жолдадым. Бүгін 130-дан аса жәбірленуші осы өтінішпен жиналып, наразылығын білдіруде. Қазір менің қорғауымдағы зардап шегушілерге келтірілген шығын көлемі- 50 млн.теңге. Олардың ішінде несие алып, ақша салғандар да бар, - деді адвокат.
Керек. INFO газетінің тілшісі жоғары табысқа сеніп, бар жиған-тергенін инвестицияға салған тұрғындардың уәжін тыңдап көрді. Айтуларынша, ұсыныс бастапқыда тартымды көрінгенімен, соңында сан соғып қалған.
Үміткүл, зардап шегуші:
-Бұл дүкеннің шапандарына, әшекей бұйымдарына қызығып жүрдім. Дүкен иесімен сөйлесіп, заттарын алдым. Сол кезде қасында інісі болды. Бизнестерін кеңейткісі келетінін айтты. “Ақша бере тұрсаңыз, сыйлық береміз” ,- деді. Қызыма үй алуға жинап жүрген ақшамды банктен шешіп алдым. Сөйтіп ең бірінші 20 млн.теңгені бердім. Бір айдан кейін тағы 5 млн.теңге сұрады. Дәл сол кезде көлік сатқан едім. Еш күдіктенбестен, сол ақшаны да қалай бергенімді байқамай қалдым. Мұндай болады деп ойламадым. Қолымда қолхат бар. Сөйтіп 25 млн. теңгемнен айырылып қалдым.
Балсұлу, зардап шегуші:
Мен Алғадан көшіп келдім. Қалаға келіп, кредитке үй алдым. Менен 13 млн.теңге алды. “Әне қайтарамын, міне қайтарамын” - деп сағызша созып жүрді. Әлі күнге дейін бір тиын да қайтарған жоқ. Дүкен иесін бұрыннан білемін. “Апатай күте тұрыңыз, 1 айдан кейін, 3 айдан кейін қайтарамын”, - деп уәдені үйіп төкті. Былтыр жазда алып , желтоқсан айында үстіне қосып беремін деп еді. Әлі хабар жоқ. Жасым 70-тен кетті, зейнеткермін. Ай сайын кредитке 197 мың теңге төлеуім керек. Қазір несиемді төлей алмай отырмын. Анасындай адаммын, бірнеше рет жаздым, жауап та бермейді.
Альмира, зардап шегуші:
- Ұлттық нақыштағы киім және аксессуарлар сататын дүкенге инвестор болдық. Балам сыйлыққа әшекей алып бергісі келіп еді. Алдымен күмісті, бір айдан кейін ақшаңызды аласыз деді. Бір айдан кейін әшекей жинағын және 1 млн. теңгені алдық. Бір жыл өткен соң, келіні хабарласты. Содан бері 2 млн.теңгемді ала алмай жүрмін. Қоңырау шалсам, телефондарын алмайды. Бұлай алдап кетеді деп ойлаған жоқпыз. Бұл жерде бір адам емес, оның құрбысы, інісі де болды.Басты талабымыз - ақшамызды қайтарсын.Ақтөбе облысы ПД бастығының орынбасары Әсет Қалиев жиналғандарды мұқият тыңдады. Оның айтуынша, қазір аталған іс бойынша 68 адам зардап шегуші ретінде танылған.
-Дүкеннің негізін қалаушыға қатысты сот бұлтартпау шарасын таңдады. Қылмыстық іс бойынша 5 адам күдікті ретінде танылды. Оның ішінде туыстары мен құрбысы бар. Іс аясында алынған мүлікке сотпен тыйым салынды. Қазір қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу нәтижесінде олардың әрқайсысының әс-ірекетіне құқықтық баға беріледі, - деді Әсет Қалиев. Еске сала кетейік, Ақтөбеде ұлттық нақыштағы киімдер мен әшекей сататын дүкен иесі Instagram арқылы өз брендіне инвестиция салуды ұсынып, ай сайын 10 пайыз табыс төлеуге уәде еткен. Жоғары табысқа сенген азаматтар оған ақшасын берген. Ақыр соңында уәде етілген төлемдерден де салған ақшаларынан да қағылған.

