Жаңа мектептің сылағы түсіп жатыр

        Темір ауданында 600 орынға арналған жаңа мектеп ашылды. Білім ордасы әлі пайдалануға берілмей жатып төбесінің сылағы түсіп жатыр.

Еркежан СЕРІК

kerekinfoaktobe@gmail.com

   Темір ауданының Кеңқияқ ауылында жаңадан ашылған мектептің төбесі опырылып түскені туралы ақпарат тарады.  Бұл туралы  әлеуметтік желіде ауыл  белсендісі  Ардақ Құбашева жариялады. Оның айтуынша, Кеңқияқта жаңадан ашылғалы тұрған, халық көптен күткен 600 орындық мектептің бірінші қабатындағы төбенің үлкен бөлігі опырылып түскен.  “Бұл – жай ғана сылақтың түсіп қалуы ма, әлде құрылыс жұмыстарының сапасына қатысты күрделі мәселе ме? Мұны міндетті түрде тиісті мамандар анықтауы тиіс” -делінген жазбада. Сондай-ақ ауыл тұрғыны мектеп ауласындағы төсеніш тастың да дұрыс төселмегенін айтты. Осы мәселеге Ақтөбе облысының Ахуалдық орталығы мәлімдеме жасады. Орталықтың хабарлауынша, Темір ауданы Кеңқияқ ауылында “Келешек мектебі” жобасы аясында жаңа мектеп ғимаратының құрылысы жүргізілді. Аталған жобаға тапсырыс беруші – "Samruk Kazyna construction" АҚ. Мердігер  - "Antarium Group" АҚ. Аталған мектеп аудандық білім бөлімінің теңгерімінде.

 -Жарияланымда көрсетілген кемшіліктер бойынша мердігерге тиісті ескертулер беріліп, қазіргі таңда кемшіліктерді жою бойынша шұғыл шаралар қабылдануда. Аталған кемшіліктер оқу процесіне кедергі келтірмейді және балалардың қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынды,-делінген хабарламада.  Ал Темір аудандық білім бөлімінің басшысы Болатбек Иманғалиев төбенің опырылмағанын, тек сылағы түсіп қалғанын жеткізді.

-Төбе опырылған жоқ, сылағы түсіп қалған. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кепілдік мерзімі бар. Ал мектептің артқы жағындағы төсеніш тастың қозғалып кеткен жерлері жөнделуде. Қазір оқушылар білім алып жатыр. Бұл оқу процесіне ешқандай кедергі келтірмейді , - деді білім бөлімінің басшысы.  

 

Қоғам
10:25, 04 сентябрь 2026
69
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив