“Есірткісі бар дәрілерді тонаған”: 5 адам сотталды

 

Ақтөбеде 5 адам  құрамында есірткі бар медициналық препараттарды  тонағаны үшін сотталды. Сотта олар қылмысқа жастарды нашақорлықтан құтқару үшін барғандарын айтып, ақталды.   

Жансая ЕСМАҒАНБЕТ

kerekinfoaktobe@gmail.com

     Оқиға былтыр желтоқсан  айында болған. Сот материалдарына қарағанда, жәбірленуші «Telegram» мессенджері арқылы интернет-дүкендердің бірінен үлкен көлемде «Тропикамид», «Алис» және «Зоник» медициналық препараттарын сатып алады. Соңыра Ақтөбеден жалға пәтер алып, есірткі тұтынушыларға құрамында есірткісі  бар дәрілерді сата бастайды. Сол кезде сотталушылардың бірі ер адамның сөмкесінде медициналық препараттың көптігін байқап, оны тонамақ болады. Ол  достарына қылмыстық жоспарын айтып, өзара сөз байласады. Сөйтіп, олар есірткі шеккен күйде жәбірленушінің жалдамалы пәтерінің электронды құлпын сындырып, баспанаға заңсыз кіреді. Сотталушылардың үшеуі ұйқыда жатқан жәбірленушіні оятып,  одан ақша беруді  және медициналық препараттар салынған сөмкенің қай жерде екенін айтуды талап еткен.Ал қалғандары пәтерді тінтіп,  5млн  500 мың теңге мен құрамында есірткісі бар дәрілерді тауып алған. Кейін олар барлығын алып, оқиға орнынан ізін суытқан. Осылайша олар жәбірленушіге 6 млн теңгеден астам материалдық залал келтірген. Іс сотқа жетіп, 5 адамның үстінен Қылмыстық Кодекстің 191-бабының 3-бөлігі ( Тонау) бойынша  қылмыстық іс қозғалды. Сот отырысы кезінде сотталушылардың бір бөлігі қылмысын мойындаса, енді бірі кінәсіз екенін айтып, ант-су ішті.

-Жәбірленушіні 2023 жылдан бері танимын. Оған медициналық препараттарды сатпауы керектігін ескерттім. Алайда оның өзім тұратын теміржол ауданы маңында психотроптық заттарды қайтадан сатып жүргенін білдім. Сол себепті жәбірленушінің үйіне бірнеше адаммен барып, медициналық препараттар салынған екі сөмкені алдым. Кейін оларды пәтерге әкеліп, дәретханаға төктім. Сөмкелерде ақша болған жоқ. Медициналық препараттарды алып кетудегі мақсатым - пайда  табу емес, олардың заңсыз сатылуын тоқтату болған.Өйткені олар-есірткі болмағанмен,  күшті әсер ететін препараттар. Полицияға шағымданбадым. Өйткені медициналық препараттар есірткі құралдары болып табылмайды деп есептедім. Жәбірленушінің үйіне бару менің жеке бастамам болды. Аяғымдағы жарақатқа байланысты жігіттерге өзіммен бірге баруларын сұрадым, -деді сотталушылардың бірі. Сотта жәбірленушіден  де жауап алды.

-Хромтау қаласынан  Ақтөбеге пәтер сатып алу үшін келген едім.  Екі күннен соң  жалдамалы пәтеріме сотталушылар баса -көктеп кірді. Олар мұндай әрекетті бірінші рет жасап тұрған жоқ. Сотталушылардың бірі кей кездері менен дәрі-дәрмектің ақысын төлемей, алып кететін. Осыған байланысты оқиға болған күні олардың үнемі жасап жүрген құқыққа қайшы әрекеттерінен шаршап, полиция шақырттым. Қазіргі уақытта сотталушыларға қатысты ешқандай талап-арызым жоқ. Олар маған  ақшаны қайтарып берді. Анамның  емделуіне көмектесіп, алимент бойынша бережақтарымды өтеді. Азаматтық талап қоюды қараусыз қалдыруды сұраймын.Сотталушыларды жазаламауыңызды сұраймын ,-деді жәбірленуші. Белгілісі, сотталушылардың бесеуі де бұрын істі болған. Ақтөбе қаласының №2  соты сотталушыларды “Тонау” бабы  бойынша кінәлі деп тауып, әр түрлі  жаза кесті.

  -Сотталушы  Руслан Рахматуллаев Қылмыстық кодекстің 191-бабының  3-бөлігі  бойынша  кінәлі деп танылып, оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Ерсейіт Бердімұратов, Еламан Жалғасов, Нұрлан Шакаев, Сырым Рахымов кінәлі деп танылып, олардың  әрқайсысына  5 жылға бас   бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Руслан Рахматуллаевтың әрекеттерінде қылмыстардың қауіпті қайталануы бар деп танылсын.Оған  жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің барынша жоғары қауіпсіздік мекемесінде  өтеу  белгіленсін. Ал қалған сотталушылар жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемелерінде өтейді, -деді судья Н.  Махмутов.Сот үкіміне сәйкес,  сотталушылардың үшеуі  абақтыда  есірткіден мәжбүрлі түрде емделеді. Сондай-ақ жәбірленушінің азаматтық талап қоюы қараусыз қалдырылып, заттай айғақ ретінде алынған медициналық препараттардың көзі жойылды. 

Құқық
13:28, 04 сентябрь 2026
57
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив