Ақтөбелік әйел жоқ сынық үшін үш ай емделген

Ақтөбелік әйел қате диагноз қойған дәрігерлерді сотқа берді. Жол апатынан жарақат алған емделуші үш ай бойы емделуге мәжбүр болған. Ол аурухана мен жеке клиникалардың бірінен 3 млн. теңге моральдық шығын талап етті.
Жансая ЕСМАҒАНБЕТ
Іс құжаттарына қарағанда, әйел 2025 жылы 18 тамызда Ақтау қаласында жол апаты салдарынан жарақат алады. Кейін ол №2 қалалық көпбейінді ауруханаға жүгініп, амбулаториялық ем қабылдайды. Дәрігерлер оған тексеру жүргізіп, “асық сүйегі мен сыртқы тобықтың жабық шеткі сынығы”деген диагноз қойылады. Оған ұзақ мерзімді ем тағайындалып, қосымша тексерулер жүргізу, дене белсенділігін шектеу ұсынылады. Алайда кейін Ақтау қаласында жүргізілген сараптамалар барысында сынықтың бар екені расталмаған. ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру барысында сәулелік диагностика мамандарының қорытындылары арасында алшақтықтар, уақтылы консилиумның өткізілмеуі және амбулаториялық емдеу мерзімдерінің негізсіз ұзартылуы анықталған. Тәуелсіз сарапшы сынықтың жол апатынан болмағанын, бұрыннан болған жарақаттың салдары екенін айтқан.
-Қате қойылған диагноз салдарынан ұзақ уақыт бойы өзімді ауыр сынығы бар адам ретінде сезініп, ем қабылдадым. Тиісті шектеулерді сақтап, тексерулер мен сараптамалардан өттім. Сынық болмағанын анықтағаннан кейін әріптестерім мен таныстарымның алдында ыңғайсыз жағдайға қалып, ұялдым.Моральдық күйзелісте болдым. Жауапкерлер тарапынан диагностиканың тиісінше жүргізілмеуі өзіме келтірілген моральдық азаппен тікелей байланысты. Сол себепті екі жауапкерден ортақ тәртіппен 3 млн теңге көлемінде моральдық зиянның өтемақысын, сондай-ақ сот шығындарын өндіріп беруді сұраймын,-деді ол сотта.
Алайда №2 қалалық көпбейінді аурухана өкілі талапты мойындамай, емделушіге медициналық көмектің тиісті көрсетілімдер бойынша және клиникалық хаттамаларға сәйкес көрсетілгенін айтты. Жауапкердің айтуынша, талап қоюшыға зиян келтіретін хирургиялық, агрессивті ем жүргізілмеген. Тексеру барысында оның өміріне немесе денсаулығына зиян келтірілген фактілер анықталмаған.Ал жеке клиника өкілі соттан талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуды сұрады.Өйткені бастапқы диагнозды аурухана қойған әрі клиника науқасқа ем тағайындамаған. Тексеру барысында талап қоюшының шағымы ішінара дәлелін тапты. Өйткені емделуші емханада үш ай бойы негізсіз амбулаториялық ем алған. Дәрігерлер даулы диагноздың болғанына қарамастан, консилиумды уақтылы ұйымдастырмаған. Ақтөбе қалалсының №3 соты талап қоюшының №2 қалалық көпбейінді ауруханаға шағымын ішінара қанағаттандырып, 300 мың теңге моральдық зиян мен 458 мың теңге сот шығындарын өндірді. Ал жеке клиникаға қатысты шағымды қанағаттандырған жоқ. Шешім заңды күшіне енген жоқ.

