Хромтаулық әйел күйеуінің көңілдесін бопсалаған

 

Хромтауда әйел күйеуінің көңілдесін қорқытып, ақша талап еткен. Жәбірленушінің айтуынша, ол  таспен ұрып өлтіретінін, көміп тастайтындығын айтқан. Амалы қалмаған ол 1 млн теңгеден астам ақшасын беруге мәжбүр болған.

 Жансая ЕСМАҒАНБЕТ

kerekinfoaktobe@gmail.com

      Қылмыстық іс  Хромтау аудандық сотында қаралды. Оқиға биыл сәуір айында болған. Сот құжаттарына қарағанда, 24 жастағы келіншек күйеуінің ауылдасымен өз үйінде көзіне шөп салғанын біледі. Соңыра ол жәбірленушіге телефон соғып, кездесуге барады. Ол әйелді жолдасымен жыныстық қатынасқа түскен бейнежазбасы барын, егер ақша бермесе, оны әлеуметтік желіге тарататынын айтып қорқытқан. Үндемеу үшін ол 100 мың теңге талап еткен. Тіпті жәбірленушінің  ақшасы жоқтығын естіп,  несие рәсімдеуді сұраған. Әйел сол жерде оған несие алып, 50 мың теңге берген.   Алайда мұнымен тоқтамаған сотталушы құрбысымен келісіп, тағы да  пайда таппақ болады.  Жәбірленушімен бірге  кафеде кездесіп,  “құрбысы  туралы  қауесет таратты” деген желеумен қысым жасайды. Құрбысы қараңғы көшеде  жәбірленушіні ұрып-соғып, екеуі одан  1 млн теңге алған. Осыдан кейін әйел  полицияға арызданады.

      Сотта келіншек те, оның құрбысы да кінәсін толықтай мойындаған жоқ. Сотталушының айтуынша,  жәбірленуші отбасылы еркекпен кездескен кінәсін мойындап, 50 мың теңгені өз еркімен берген. Құрбысы туралы өсек таратқанын мойындап, 1 млн. теңгені де   өзі  ұсынған. Бұл ақшаны екі сотталушы өзара бөлісіп, қажеттеріне жұмсаған. Сотта келіншек жәбірленушіге материалдық шығынды қайтаратынын, ал моральдық зиянмен келіспейтінін айтты. Сот отырысы кезінде жәбірленушіден де жауап алынды. Оның сөзінше, сотталушы  ақша бермесе, өзін көміп тастайтынын, таспен ұрып өлтіретінін айтып, қорқытқан.Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленуші бас миы шайқалып,  жабық бас ми жарақатын алған. Ол сотталушылардың әрқайсысынан 1 млн теңге моральдық зиян өндіруді талап етті.

      Хромтау аудандық сотының судьясы Нұрғали Медетов   күйеуінің көңілдесінен “кек алған” келіншекті Қылмыстық кодекстің  194-бабының 2-бөлігі (Қорқытып алу)  бойынша кінәлі деп тауып, 3  жыл 6   айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Ал оның құрбысы Қылмыстық кодекстің  108-1-бабының 1-бөлігі (Денсаулыққа қасақана зиян келтіру ) және 194-бабының 2-бөлігі (Қорқытып алу)   бойынша кінәлі деп танылды. Оған  түпкілікті 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сотталушыларға пробациялық бақылау белгіленіп, жыл сайын 100 сағатқа  мәжбүрлі еңбекке тартылады. Сот үкіміне сәйкес, олардың екеуі де жәбірленушіге  материалдық шығынды толықтай қайтаруы тиіс. Ал  әйелдің құрбысы 200 мың теңге моральдық шығын төлейді. Алайда бұл үкіммен жәбірленуші келіспейді. Ол облыстық сотқа аппеляциялық шағым түсірген.


Құқық
16:27, 27 август 2026
406
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив