Ақтөбеде медицина қызметкерлері пара алған
Ақтөбеде пара алған медицина саласының екі қызметкері айыппұлмен құтылды. Мемлекеттік қызметкерлерге бас пайдасы үшін ақша ұсынған кәсіпкер де жазаланды.
Жансая ЕСМАҒАНБЕТ
Ақтөбеде ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің медициналық қызметті сертификаттау және лицензиялау бөлімінің басшысы мен бас маманына қатысты қылмыстық іс қаралды. Оларға Қылмыстық Кодекстің “Пара алу” бабы бойынша айып тағылды. Іс құжаттарына қарағанда, бөлім басшысы 2025 жылдың наурыз -тамыз айларында кәсіпкерден оқу орталығында оқыған медициналық қызметкерлерге сертификатты кедергісіз беру үшін барлығы 500 мың теңге пара алған. Бұдан бөлек 2025 жылдың наурыз -сәуір айларында медициналық қызметкерлерге сертификаттар берумен айналысатын бөлімнің бас маманы кәсіпкерден 170 мың теңге пара алған. Соңыра қылмыстық іс сотқа жетіп, сотталушылар пара бергені және пара алғаны үшін заң алдында жауап берді. Олар проокурормен кінәні мойындау жөнінде процессуалдық келісім жасады. Ақтөбе қаласының № 2 сотының үкімімен бөлім басшысы Эльза Шомпаева Қылмыстық Кодекстің 366-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. 43 жастағы келіншек параның 30 еселенген мөлшерінде , яғни 15 млн теңге көлемінде айыппұл тағайындалды. Ал оның қарамағындағы бас маман Мәншүк Бердібаева Қылмыстық кодекстің 366-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған параның 25 еселенген мөлшерінде, яғни 4 млн 250 мың теңге теңге көлемінде айыппұл тағайындалды. Сондай-ақ “Adilmedicina” үздіксіз кәсіби даму орталығы» ЖШС-нің басшысы Айжан Мыңбаева Қылмыстық Кодекстің 367 -бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 16 млн 760 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Олар өмір бойына мемлекеттік қызметте, судья лауазымында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымды қызметті атқара алмайды. Барлық пара мемлекет кірісіне тәркіленді.Үкім әлі күшіне енген жоқ.


