Ақтөбеде 3 мыңға жуық қыз ВПЧ-ға қарсы вакцина алды
Ақтөбе облысында биыл 123 әйелден жатыр мойыны обыры анықталған. Жас талғамайтын қауіпті кеселдің алдын алудың бірден -бір жолы -вакцинация. Дәрігерлер адам папиллома вирусына қарсы егілудің еш зияны жоқтығын айтады.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
Ақтөбе облысында жасөспірім қыздарға жатыр мойны обырының алдын алуға мүмкіндік беретін ВПЧ (АПВ-ред.)вакцинасы салынуда. Мамандар вакцинадан қорқудың қажеті жоқ екенін айтады. Олар ата-аналарды әлеуметтік желідегі күмәнді ақпаратқа емес, дәрігер кеңесіне жүгінуге шақырады. Дәрігерлердің айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша жатыр мойны обырына шалдыққан әйелдердің шамамен 68 пайызында АПВ-ның 16 және 18 типтері анықталды. Мамандардың айтуынша, АПВ-ның бұл екі түрі онкологиялық аурудың даму қаупін арттырады. Ал қалған жағдайлар вирустың басқа да жоғары онкогенді, яғни қатерлі ісікке әкелуі мүмкін түрлерінен туындаған. Ал биыл АПВ-ның 16 және 18 типтері 42 пайыз жағдайда, ал басқа қауіпті түрлері 9 пайыз жағдайда анықталды.
АПВ бірден байқалмайды
Адам папиллома вирусы, қысқаша АПВ немесе ВПЧ — кең таралған инфекциялардың бірі. Оның 200-ден астам түрі бар. Кейбір түрлері адам денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіріп, бірнеше жылдан кейін қатерлі ісіктің дамуына себеп болуы мүмкін.Мамандардың айтуынша, ВПЧ жұққан адамда бірден белгі байқалмауы мүмкін. Сондықтан оны дер кезінде анықтап, алдын алу маңызды.
– Адам папиллома вирусы адамнан адамға тері және шырышты қабаттармен тікелей байланыс арқылы беріледі. Инфекцияның негізгі жолдарының бірі – жыныстық қатынас және жыныс мүшелерінің терісімен жанасу. Жұқтырған анадан балаға босану кезінде берілуі де мүмкін, – дейді Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Ботакөз Мырзалы.ВПЧ-ның кейбір түрлері ағзада ұзақ уақыт бойы еш белгісіз жүреді. Ал онкогенді, яғни қатерлі ісікке себеп болуы мүмкін түрлері жатыр мойны жасушаларында өзгеріс тудырады. Маманның айтуынша, инфекция жұққаннан кейін жатыр мойны обырының қалыптасуына дейін 15-20 жылға дейін уақыт өтуі мүмкін. Сондықтан ауруды ерте анықтау үшін әйелдерге скринингтен өту маңызды. Қазақстанда 30-70 жастағы әйелдерге жатыр мойны обырын ерте анықтауға бағытталған скрининг жүргізіледі. Оның аясында ПАП-тест тапсырылады.
Вакцина ауруды емдемейді, алдын алады
ВПЧ-ға қарсы вакцинация әлемнің көптеген елінде жүргізіледі. Қазақстанда да бұл екпе ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне енгізілген. Мамандар вакцинацияны вирустың алдын алудың тиімді тәсілдерінің бірі деп санайды. Әсіресе вакцинацияны вируспен кездеспей тұрып алған тиімді.
– Вакцинация үшін ең қолайлы кезең – 9-14 жас аралығы. Бұл жаста ағза вакцинаға жақсы иммундық жауап қалыптастырады. Қазақстанда вакцинация ата-ананың немесе заңды өкілдің келісімімен жүргізіледі, – дейді Ботакөз Миірманқызы.Негізгі жоспарлы вакцинация 11 жастағы қыздарға жасалады. Вакцинация курсы екі дозадан тұрады. Бірінші және екінші дозаның арасы алты ай болуы керек. Ал 14-17 жас аралығындағы қыздарға қосымша вакцинация жүргізіледі. Бұл жаста вакцина үш дозамен салынады.
Ақтөбеде қанша қыз вакцина алды?
Ақтөбе облысында да ВПЧ-ға қарсы вакцинация жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін 11-13 жастағы қыздардың 12 мың 900-ге жуығы вакцинаның бірінші дозасын, ал 6 мың 800-ден астамы екінші дозасын алған.Ал 11 жастағы қыздар арасында 2 мың 700 -ден астам алғашқы, 1400-ден аста екінші доза егілген. Сонымен қатар 14-17 жастағы қыздарға да қосымша вакцинация жүргізілді. Биыл бірінші кезеңде 3мың 500-ден астам, екінші кезеңде 2мың 400-ден аса қыз вакцина алған.
«Вакцинадан бедеу болмайды»
ВПЧ вакцинасына қатысты ата-аналарды алаңдататын сұрақ көп. Соның бірі — екпе бедеулікке әкелуі мүмкін деген пікір.Маман бұл ақпараттың негізсіз екенін айтады.
-Вакцинадан бедеу болмайды. Оның құрамында қауіпті заттар жоқ. Қазақстанға жеткізілетін вакциналар бірнеше кезеңдік тексеруден өтеді. Сондықтан ата-аналар алаңдамай, қажетті ақпаратты дәрігерден алғаны дұрыс, – дейді Ботакөз Миірманқызы.
Оның айтуынша, ата-аналардың вакцинадан қорқуының бір себебі — әлеуметтік желілердегі толық емес немесе дұрыс емес ақпарат.
-Ата-аналар әлеуметтік желідегі түрлі жағымсыз ақпараттарға сене бермей, дәрігерге келіп, кеңес алғаны жөн. Вакцина қатерлі ісіктің алдын алуға бағытталған. Егер өз балама таңдау жасау керек болса, мен де бұл вакцинаны салдырар едім, – дейді маман.
Ұл балаларға да вакцина егіле ме?
ВПЧ тек қыздарға ғана қатысты мәселе емес. Вирус ер адамдарға да жұғуы мүмкін. Сондықтан мамандар ұл балаларды да вакцинациялау қажет екенін айтады. Қазақстанда ер балаларға ВПЧ-ға қарсы вакцинация енгізу 2028 жылға жоспарланып отыр. Маманның сөзінше, ВПЧ-ның ішінде 16 және 18 түрлері аса қауіпті саналады. Қолданылатын вакциналар осы сияқты онкогенді түрлерден қорғануға мүмкіндік береді. Айта кетейік, ВПЧ-ға қарсы вакцина ауруды емдеу үшін емес, оның алдын алу үшін салынады. Сондықтан вакцинациядан бөлек, әйелдердің уақытылы скринингтен өтуі де маңызды.Мамандар ата-аналарға вакцинаға қатысты күмән туындаса, әлеуметтік желідегі ақпаратқа сүйенбей, ең алдымен дәрігермен кеңесу қажеттігін ескертеді. Себебі ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алған әлдеқайда тиімді.

