Ақтөбеде үздік қарилар анықталды

Ақтөбеде Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан XV республикалық байқау өтіп, жеңімпаздар анықталды. Екі күнге созылған байқауға еліміздің барлық өңірінен 80 қари  қатысты. Бұл туралы Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

 Айгерім ЖҰМАБАЕВА

kerekinfaoktobe@gmail.com

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған  республикалық Құран жарысы «Нұр Ғасыр» мешітінде өтті. Қатысушылар Құран Кәрімнің 10, 20 және 30 парасын жатқа оқу, сондай-ақ мәнерлеп оқу бойынша жалпы төрт номинацияда бақ сынады.Байқау қорытындысы бойынша толық Құранды жатқа оқудан маңғыстаулық  Рахымжан Ержанұлы  бірінші орын алып, автокөлік  мінді. Бұдан бөлек  жүлделі  орын иегерлері анықталып, олар қомақты ақшалай қаражат иеленді. Жеңімпаз атанғандардың арасында ақтөбелік қари  Бекзат Дулатұлы да бар. Ол төртінші орын иеленіп, 2 млн теңге ақшалай жүлде алды.  Ал Құранның 20 парасын жатқа оқу номинациясында астаналық Айқын Ақылбекұлы жеңімпаз атанды.Бұл аталым бойынша да алғашқы бес орынның жүлдегерлері анықталып, олар қаржылай сыйақымен марапатталды. Ал Құранның 10 парасын жатқа айту бойынша Алматы, Батыс Қазақстан  және Павлодар облысының  өкілдері  жеңімпаз атанды. Бұл аталымның жалпы жүлде қоры 3 млн теңгеден асады. Сондай-ақ Құранды мәнерлеп оқудан үздіктер анықталып,  ең жас қарилар мен «Көрермен көзайымы» аталымы бойынша да жүлделер табысталды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, байқауға демеушілік жасаған Бахаридин Аблазимов, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Марапаттау рәсімінде Бас мүфти байқауға қатысқан барлық қариларға алғысын білдіріп, бұл доданың тек жүлде үшін ұйымдастырылатын жарыс емес екенін атап өтті. 

-Екі күн бойы Ақтөбе төрінде Құранның үні қалықтап, еліміздің әр өңірінен келген қарилар қасиетті кітапқа деген құрметін, білімін, жаттау қабілеті мен оқу шеберлігін көрсетті. Бұл жай ғана байқау емес. Бұл – Құранға деген құрметтің мерекесі, ұстаз еңбегінің жемісі, ата-ана тәрбиесінің көрініс», – деді Бас мүфти.

        Ақтөбе мешіттеріне жаңа қызметтік көліктер табысталды

Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өңірдегі бірқатар мешітке жаңа қызметтік автокөліктердің кілтін табыстады. ҚМДБ-ның 35 жылдық мерейтойына орай дін жанашырлары мен кәсіпкерлер тарапынан Ақтөбе қалалық орталық мешітіне, Хромтау аудандық «Нұр» мешітіне және Байғанин аудандық орталық мешітіне Chevrolet Cobalt автокөліктері берілді.Жаңа көліктер мешіттердің діни-ағартушылық жұмыстарын жандандыруға, шалғай елді мекендерге баруға, әлеуметтік көмек пен қайырымдылық шараларын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.Айта кетейік, Ақтөбе облысындағы   жалпы  8  мешіт  жаңа қызметтік автокөлікпен қамтамасыз етілген. 

       Бас мүфти өңір имамдарымен кездесті

Жұмыс сапары аясында  ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтөбе облысының иамадарымен кездесіп, діни қызметтің өзекті бағыттарына тоқталды.  Бас мүфти биыл ҚМДБ тарапынан «Ислам және адал қоғам» жылы деп жарияланғанын атап өтіп, қоғамда адалдық, әділет, жауапкершілік және еңбекқорлық құндылықтарын кеңінен насихаттаудың маңызын айтты.«Өзімізге жүктелген міндетті ықыласпен атқаруға тырысайық», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.Кездесуде имамдардың халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуі, діни-ағартушылық бағыттағы қызметті күшейтуі және қоғамдағы рухани құндылықтарды дәріптеуі қажеттігі айтылды.Осылайша, Ақтөбеде өткен XV республикалық Құран байқауы қасиетті Құранды жатқа оқитын қарилардың басын қосқан ірі рухани шара ретінде қорытындыланды.


Қоғам
15:15, 10 сентябрь 2026
211
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив