Тұрғындар: Үйіндінің астында қаламыз ба?
Ақтөбеде мемлекеттік бағдарлама арқылы берілген үй тұрғындары шу шығарды. Пайдалануға берілгеніне небәрі екі жыл болған баспананың қабырғасы қақырай бастаған. Тоғызыншы қабаттан басталған жарық төменгі қабатқа дейін жеткен. Әбден мазалары қашқан тұрғындар “үйінді астында қаламыз ба? ” – деп қауіптенеді.
Назгүл ӘБЕТОВА
kerekinfoaktobe@gmail.com
Ақтөбеде 3 -ықшам ауданындағы тоғыз қабатты 39, 40, 41 үй осыдан екі жыл бұрын ғана пайдалануға берілген. Баспанаға қуанып кірген тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмады. Өйткені қазіргі сиқы көңіл көншітпейді. Тұрғындардың айтуынша, үйдің қабырғаларында жарықтар пайда болып, кей жерлері сөгіле бастаған. Қақыраған қабырғаның ар жағынан көршінің үйі анық көрінеді. Тіпті бір - бірімен қол алысып амандасатындай жарық пайда болған. Бұл жерде мүмкіндігі шектеулі жандар, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандар мен көпбалалы отбасылар тұрады. Мұндағылар үй кезегін 10 жылдай күтіп, баспананы 6-15 жылға дейін несиеге алған. Жиналған тұрғындар Керек. INFO газетінің тілшісіне жанайқайларын жеткізді.
Қабырғаның сөгіліп жатқанынан үрейленгендері соншалық, түнде ұйықтаудан қалған. Олар жарықтың күннен - күнге үлкейіп бара жатқанына алаңдаулы.
- Мен 2024 жылы“Бақытты отбасы” бағдарламасы арқылы үй алдым. Тегін тұрып жатқан жоқпыз, уақытында несиені төлейміз. Үш үйде де әлеуметтік осал топқа жататын жандар тұрады. Жарық жоғары қабаттан басталды. Қорқынышпен өмір сүріп жатырмыз. Жарлас көршіміз түшкірсе, “ сау бол” айтып, көршінің оятқышына оянатын дәрежеге жеттік. Шынымды айтсам, кезекпен ұйықтаймыз. Таңертең аман оянғанымызға қуанамыз. Біз артық ештеңе сұрамаймыз. Тек баспанамыздың қауіпсіз болғаны маңызды, - деді Айгүл Каженова.
Тұрғын Жазира Балабекова таңды көз ілмей атыратынын жеткізді. Басындағы баспананы 12 жылға несиеге алған. Қазір екі жылын ғана төлеген. Әлі бақандай он жылы бар.
- Мен де екінші топтағы мүгедекпін. Тұрып жатқанымызға желтоқсан айында 2 жыл болады. Балконның жары жарылып жатыр. Айына 80 мың теңге төлеймін. Екі жыл ішінде осындай болса, әрі қарай қалай тұрамыз. Қабырғаның сөгілуі биыл пайда болды. Үйіндінің астында қалып қоямыз ба деп алаңдап отырамыз, -деді ол.
Гүлсана Алдабергенова екі бөлмелі пәтерде тұрады. Бөлмедегі қабырғадан саңылау емес, адамның қолы сияқтындай жарықты көріп шошыған.
- Мен де, жолдасым да мүгедекпіз. Үйді алғанда қатты қуандық. Қабырғаның жарығының үлкендігі соншалық, арасына қол сияды. Тіпті жарлас көршімнің не істеп жатқанына дейін білеміз. Үйіне кірудің қажеті жоқ, әлгі жарық арқылы сөйлесе беруге болады. Бұл үйде тұрудың өзі қорқынышты. Құлап кетсе не істейміз? Кім жауап береді? Бізге басқа үй керек, - деді Гүлсана.
“Тұрғындарға қауіп жоқ”
Ақтөбе қаласы құрылыс бөлімінің хабарлауынша, көпқабатты үш үйді “Ақтөбе-Сәулет” ЖШС-і салған. Бұл мердігер ұйым 20 жылдан бері құрылыс жұмыстарымен айналысады. Есет батыр тұрғын алабындағы тұрғын үйлердің 90 пайызын осы компания тұрғызған.
- 3 шағын аудандағы №39, 40,41 тоғыз қабатты тұрғын үйлер бойынша “Ақтөбе-Сәулет” ЖШС мердігер мекемесі визуалды тексеру жүргізді. Компания техникалық қорытынды дайындау жұмыстарын бастайды. Аталған сараптама нәтижесіне сәйкес, анықталған барлық ақауларды қалпына келтіру және жөндеу жұмыстары жүргізіледі, -деді Ақтөбе қаласының құрылыс бөлімі.
Мердігер ұйым мен әкімдіктен келген мамандар үйді толықтай қарап шықты. Қабырғаның жарылып жатқанын өз көздерімен көрді. Олардың айтуынша, аталған үйлерді апатты деп айтуға болмайды. Қазіргі уақытта тұрғындарға қауіп төніп тұрған жоқ. Алдағы уақытта үйлерге техникалық сараптама жүргізіледі. Нақтысы содан кейін белгілі болады.
Осылайша 3- шағын ауданындағы № 39, 40, 41 үй тұрғындары басқа жерге көшіруді талап етіп отыр. Өйткені баспана күн сайын қауіпті болып барады. Әсіресе балаларының қауіпсіздігі үшін қорқатындарын айтады. Қабырғасы сөгіліп тұрған үйде өмір сүруге мәжбүр тұрғындар мәселенің сағызша созылмай, нақты шешілгенін қалайды. Әбден мазасы қашқан олар жергілікті әкімдік мәселені шешпесе, жоғары жаққа арыздануға тас-түйін дайын. Керек. INFO редакциясы мәселенің әрі қарай қалай шешілетінін бақылауда ұстайтын болады.
- Мен де екінші топтағы мүгедекпін. Тұрып жатқанымызға желтоқсан айында 2 жыл болады. Балконның жары жарылып жатыр. Айына 80 мың теңге төлеймін. Екі жыл ішінде осындай болса, әрі қарай қалай тұрамыз. Қабырғаның сөгілуі биыл пайда болды. Үйіндінің астында қалып қоямыз ба деп алаңдап отырамыз, -деді ол.


