Ұрпақ қамы – Ұлттық қор
Жас ұрпақ – ел болашағы. Елдің ертеңіне салынған инвестиция – бүгінгі баланың игілігіне айналса, одан асқан құндылық жоқ. Осыны терең түйсінген мемлекет 2024 жылдың ақпанынан бастап «Ұлттық қор – балаларға» атты ауқымды әрі тағдырлы жобаны қолға алған еді. Бұл бағдарлама – тек экономикалық қадам емес, бұл – ұлтқа деген ұлы жанашырлықтың айғағы.
Жаңа дәуірдің есігін ашқан бұл бастама 2006 жылдан кейін туған әрбір Қазақстан азаматының атына болашақ қорын құрып, баланың ертеңін бүгіннен бастап бекемдеуді көздейді. Идеяны жүзеге асыру үшін Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы жыл сайын осы балалардың арнайы шотына аударылады. Бұл қаржы баланың білім алуына не болмаса баспана жағдайын жақсартуға бағытталады. Күні ертең өз күнін өзі көретін жас азамат үшін бұл – нағыз тірек, шынайы көмек.
Сандар – сенім кепілі
2025 жылдың 1 маусымына дейін, яғни небәрі 16 ай ішінде 108 694 өтінім орындалып, 13,34 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қаражат тиісті иелеріне – қазақстандық балаларға, нақтырақ айтсақ, олардың ата-аналары мен қамқоршыларына аударылған. Бұл сандар жай ғана статистика емес. Бұл – мыңдаған отбасының қуанышы, болашағына деген сенімі. Бұл – әрбір қазақстандық баланың өз әлеуетін іске асыруына бағытталған нақты қадам.
Осы қаражаттың:
7,95 миллион доллары – тұрғын үй жағдайын жақсарту бағытына,
5,38 миллион доллары – білім төлеміне жұмсалған.
Бүгінде баланың мақсатты жинағы оның ата-анасының банк шотына түсіп, әрі қарай таңдаған бағыты бойынша – яғни білім не тұрғын үй саласына – нақты іске асуда. Және де бұл қаржы бірден түгелімен пайдаланылмаса, арнайы мақсатты жинақ шотында (МЖШ) сақталады. Уақыт өте келе, пайыз есебінен бұл сома арта береді.
Шаңыраққа алғашқы қадам
Тұрғын үй – әрбір отбасының арманы. Баласы үшін ертең баспана алып беруді армандайтын ата-ана үшін бұл бастама – зор үміттің сәулесі. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында тұрғын үй бағытындағы өтінімдер бойынша:
62 749 өтінім тұрғын үй құрылыс жинақ салымын толықтыруға,
496 өтінім – ипотекалық несиенің бастапқы жарнасын төлеуге,
407 өтінім – азаматтық-құқықтық мәміле арқылы үй сатып алуға жұмсалған.
7,77 миллион доллар – осы бағыттағы ең ауқымды көрсеткіш. Бұл көрсеткіштен қазіргі қазақстандық ата-ананың баспанаға деген сұранысы мен ниетін, ал бағдарлама арқылы берілген мүмкіндікке деген шынайы сенімін байқауға болады.
Білім – мәңгілік байлық
«Таңдауың – тағдырың» демекші, қай ата-ана баласының жақсы білім алып, тұлға болып қалыптасқанын қаламайды? Бүгінгі бағдарламаның басты бағдары – сапалы білімге жол ашу. Білім төлемі бойынша орындалған өтінімдердің арасында:
39 065 өтінім – Қазақстандағы оқу орындарының қызметін төлеуге (академиялық кезеңдерге не толық оқу мерзіміне),
3 935 өтінім – білім беру жинақ салымын толықтыруға,
1 113 өтінім – шетелдік оқу орындарының қызметін төлеуге бағытталған.
Жалпы, бұл салаға жұмсалған қаржы көлемі – 5,38 миллион доллар. Бұл сома – болашақ инженердің, дәрігердің, мұғалімнің, архитектордың, заңгердің, бәлкім, мемлекет басшысының жолына төселген қаржылық қолдау.
Әр бала – елдің байлығы
Бағдарламаға сәйкес, 2023 жылы туған балалардың әрқайсысына 100,52 доллар, 2024 жылы – 129,38 доллар есептелген. Мәселен, 2007 жылы туған баланың жалпы жинағы – 232,94 доллар шамасында. Бұл сома жыл өткен сайын көбейіп, баланың кәмелет жасына толғанша едәуір жинаққа айналады. 2025 жылдың көктемінде бала алғаш рет шотындағы қаражатты көріп, оны игілігіне жаратуы үшін – кәмелетке толған соң, арнайы доллармен шот ашып, уәкілетті операторға онлайн өтінім беруі қажет. Бұл әрекеттерді Egov.kz арқылы немесе ЕНПФ-ның жеке кабинеті арқылы орындауға болады.
Осыған қоса, бағдарлама бойынша толық ақпарат пен бейненұсқаулықтар kids.enpf.kz сайтында және ЕНПФ-ның YouTube арнасында қолжетімді. Онда шот ашудан бастап өтінім беруге дейінгі барлық процестер түсінікті түрде көрсетілген. Кейде үлкен өзгерістер кішкентай сандардан басталады. 100 доллар – баланың болашағына алғашқы салынған кірпіш. Бұл – үкімет пен ата-ананың ортақ жауапкершілігінен туған жүйе. Бұл – ұлттың ұзақмерзімді стратегиясы. Баланың қамын бүгін ойлаған елдің ертеңі алаңсыз болады. «Ұлттық қор – балаларға» – бұл жалаң ұран емес, бұл – нақты іс. Бұл – баланың тек бүгінін емес, ертеңгі тағдырын ойлаған саналы қоғамның сілкінісі. Алыс ауылда отырған ана үшін, қаладағы пәтер жалдап жүрген жас отбасы үшін, жоғары оқу орнының табалдырығын аттаған жас талапкер үшін – бұл бағдарлама шын мәнінде үміт сәулесіндей әсер етеді.
Мемлекет балаларға тірек болса, балалар – ертең мемлекетке сүйеу болады. Бұл заңдылықты уақыттың өзі әлденеше рет дәлелдеген. Ендеше, ұлттық қор – тек экономикалық ресурс емес, ұлттық болмыстың тірегі.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы Қазақстан үшін тың бастама болғанымен, әлемде баланың болашағына ерте жастан инвестиция салу тәжірибесі бұрыннан бар. Әсіресе мұндай модельдер ұлттық әл-ауқат қорлары немесе мемлекеттік қорлар арқылы іске асады. Төменде бірқатар елдердің осыған ұқсас бағдарламаларын ұсынамыз:
Норвегия – Мұнай қорын ұрпақ қамына бағыттаған ел
Норвегияның мемлекеттік зейнетақы қоры (Government Pension Fund Global) – әлемдегі ең ірі егеменді қорлардың бірі. Бұл қордың негізгі көзін мұнай және газдан түсетін табыс құрайды. Қордың басты мақсаты – қазіргі және болашақ ұрпақтың әл-ауқатын сақтау. Қор қаражаты тікелей балаларға төленбейді, алайда ол елдің әлеуметтік және білім беру саласына бөлінетін қаражатты тұрақты түрде қолдап тұрады. Мемлекет бюджетінен балаларға арналған жәрдемақылар, білім беру бағдарламалары мен денсаулық сақтау тегін қызметтер осы қордың тұрақты кірісі арқылы қамтамасыз етіледі. Норвегиялық модельдің ерекшелігі: жеке есепшот ашылмайды, бірақ бүкіл қоғам игілігіне қызмет етеді – тегін балабақша, білім беру, денсаулық сақтау.
Аляска (АҚШ) – Мұнай кірісінен әр баланың есепшотына дивидент түседі.
Аляска тұрақты қоры (Alaska Permanent Fund) – АҚШ-тың Аляска штатында 1982 жылдан бастап жұмыс істейді. Бұл қор мұнайдан түсетін табысты жинақтайды. Жыл сайын штаттың әрбір тұрғынына, соның ішінде балаларға да дивиденд төленеді. Бұл төлем – тұрғындардың жеке есепшотына түседі. 2022 жылы әр адамға төленген сома 3 284 долларды құрады. Аляска тәжірибесінің ерекшелігі: мұнай табысы халыққа тікелей және теңдей бөлінеді. Бұл – Қазақстандағы «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына өте ұқсас үлгі.
Сингапур – Бала туғаннан бастап мемлекеттік капитал
Сингапур үкіметі Baby Bonus Scheme атты бағдарлама арқылы жаңа туған әрбір балаға арнайы үкіметтік шот ашады. Мемлекет бұл шотқа бастапқы капитал аударады. Ата-аналар қосымша қаражат сала алады, мемлекет бұл салымды екі есе көбейтіп отырады (matching contributions). Қаражатты денсаулық сақтау, балабақша, білім беру мақсатында пайдалануға болады.Сингапур үлгісі: баланың жеке дамуына арналған нақты мақсатты қолдау. Бұл модельде ата-ананың да белсенділігі талап етіледі.
Ұлыбритания – Балаға бастапқы капитал (Child Trust Fund)
2002-2011 жылдар аралығында Ұлыбританияда Child Trust Fund атты бағдарлама болды. Әр балаға мемлекет тарапынан 250 фунт стерлинг бастапқы салым берілді. Баланың шотына ата-анасы да салым қоса алады. Қаражатты бала 18 жасқа толған соң ғана пайдалана алады. Қазіргі таңда бұл бағдарлама тоқтатылды, бірақ шоттар әлі де белсенді. Орнына Universal Credit пен басқа жеңілдіктер келді. Қазақстанның «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы Аляска мен Сингапурдың үлгісіне жақын. Аляска сияқты баланың атына ашылған есепшотқа мұнай табысынан тікелей төлем түседі. Сингапур сияқты қаражат тек білім мен баспана сияқты нақты мақсаттарға жұмсалады. Ал Норвегия мен Ұлыбритания тәжірибесі – жанама қолдау жүйесі, яғни барлық балаға теңдей жағдай жасау үшін әлеуметтік саясатты дамытуға бағытталған.


