Пойыздағы акция

Ақтөбеде жыл басынан бері есірткіге қатысты 5 құқық бұзушылық анықталды. Соның төртеуіне сот үкімі шыққан.
Назгүл ӘБЕТОВА
Ақтөбе станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің қызметтік иттері теміржол мен әуежайдағы қоғамдық тәртіпті сақтау, есірткі мен жарылғыш заттарды анықтау сияқты міндеттерді атқарады. Солардың бірі – Уна есімді ит. Есірткі заттарын іздеуге үйретілген үш жастағы Уна 2,5 жыл ішінде 5 қылмыстың бетін ашқан. Қызметтік ит Алматыдағы кинологиялық орталықтан арнайы оқу - жаттығудан және қайта даярлау курсынан өткен. Уна кинолог қызметкермен бірге “Ақтөбе - Атырау” бағытындағы жолаушылар пойызына мінді. Ол өзіне жүктелген міндеттерді қырағылықпен атқарды. Тексеру кезінде тыйым салынған заттар анықталған жоқ. Бұл “Қауіпсіз пойыз” акциясы аясында өткізіліп жатқан рейдтік шара болатын. Бұл шара қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында есірткі қылмысының алдын-алуға бағытталған. Сондай-ақ полицейлер жолаушыларға есірткі тұтыну мен таратудың зардаптары туралы буклеттер үлестірді.
Ақтөбе станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің ақпараттық саясат тобының инспекторы Роза Төлегенқызының айтуынша, аталған полиция бөлімі Ақтөбе станциясынан Жайсан станциясына дейінгі 194 шақырымды алып жатыр. Қызмет ету аймағында 11 станция, 8 разьезд орналасқан. Бұл жерде тәулігіне 10-12 жұп жолаушылар пойызы өтеді. Күніне 2600-3000 жолаушы, ал айына 78 мың жолаушы тасымалданады.


