Әлеуметтік төлемді заңсыз алғандар анықталды

Әлеуметтік желіден “төлем рәсімдеп беремін”, “бала күтіміне байланысты төлемді ұзартамыз”,  “жұмыссыздық бойынша төлем шығарып береміз”  деген  жарнама көрсеңіз, сенбеңіз. Әлеуметтік төлем алу үшін делдалдың көмегіне жүгінудің қажеті жоқ.

Назгүл ӘБЕТОВА

kerekinfoaktobe@gmail.com

Әлеуметтік төлем аламын деп сан соғып қалмаңыз. Қазір әлеуметтік желідегі жарнамаға сеніп, оңай олжаға кенелгісі келетіндер қатары азаймай тұр. Қазақстанда былтыр 12 өңірде 30-дан аса қылмыстық іс қозғалған. Бес өңірде 7  сот үкімі шыққан. Тергеу барысында олардың  жарнамаларға сеніп, заңсыз төлем алу схемаларына тартылғаны анықталған.

“Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры”АҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалының басшысы Нұрлан Кузеуовтің айтуынша, төлемді алуға әлеуметтік желідегі делдалдар көмектесе алмайды. Оның тәртібі Әлеуметтік кодексте нақты белгіленген. Сондықтан біреудің кеңесімен жалған жұмысқа орналасу рәсімдеу, шындыққа сәйкес келмейтін мәлімет беру, сондай-ақ жалған құжат ұсыну азаматтың өзіне қиындық тудыруы мүмкін.Нұрлан Кузеуов егер әлеуметтік төлемді заңсыз алу фактісі анықталса, төленген қаражат заңда белгіленген тәртіппен қайтарылуы мүмкін екендігін жеткізді. Ал төлем алу үшін әдейі жалған мәлімет беру алаяқтық болып табылады.

  • Әлеуметтік төлемді рәсімдеу сылтауымен бөгде адамдар жеке және қаржылық мәліметтерді сұрауы мүмкін. Сондықтан жеке куәлік деректерін, банк картасының нөмірін, банкке қатысты құпия ақпаратты, SMS арқылы келген кодтарды, ЭЦҚ-ға қатысты құпия мәліметтерді және басқа да жеке деректерді бөтен адамға беруге болмайды, - деді “Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры”АҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалының басшысы Нұрлан Кузеуов. Әлеуметтік төлемдер туралы ақпаратты тек ресми дереккөздерден алған дұрыс. Қажетті мәліметтерді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Қордың ресми ақпарат жүйелерінен және egov.kz цифрлық үкімет порталынан тексеруге болады. Қосымша сұрақтар бойынша 1414 Бірыңғай байланыс орталығына хабарласқан жөн.  
  • Ең бастысы әлеуметтік желілердегі жарнама мен ресми ақпаратты ажырата білу қажет. Қордан төленетін әлеуметтік төлемдер Әлеуметтік кодексте көрсетілген тәуекелдерге азамат тап болған кезде алатын әлеуметтік қолдау. Оны алу үшін біреуге ақша төлеп, адам іздеп шабылмаңыз, - деді филиал басшысы.

Қор мәліметінше, биыл қаңтар–тамыз айларында 1 млн. 64 мың адамға әлеуметтік төлем берілген. Төлемдердің жалпы сомасы шамамен 527 млрд. теңгені құрады.

Айта кетейік, міндетті әлеуметтік сақтандыру еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан, жұмыссыз қалғанда,  жүктілік және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірістен айырылғандарға тағайындалады.  Сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірістен айырылу жағдайы да кіреді.

Әлеумет
15:28, 06 октябрь 2026
200
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив