Өмірді сақтандыру - болашақтың іргетасы

 Темір тұлпар тізгіндеген әрбір жүргізуші, ең алдымен, көлігін сақтандырады. Сақтандырылған көлік кез-келген тығырықтан шығуға мүмкіндік береді. Алайда, адам өмірін сақтандыру қаншалықты маңызды екенін бірі білсе, бірі біле бермейді.

Назгүл ӘБЕТОВА

@nazgulabetova

Өмірді сақтандырудың қыр-сыры туралы “Керек. info” газетінің тілшісі “Қазақстан Халық Банкінің өмірді сақтандыру бойынша “Халық-Life” еншілес компаниясы ” АҚ Ақтөбе қаласы филиалының директоры Cымбат Темірбаевамен тілдесіп қайтты. Сымбат Темірбаеваның айтуынша, қазіргі таңда арнайы өздері іздеп келіп, өмірді сақтандыруға ниет етіп жатқандар да бар. Бірақ, аз. Әсіресе, тұрғындар балаларға арналған “Bilim –Life” мемлекеттік бағдарламасына қызығушылық танытуда.

Әрбір ата-ана баласының болашағына алаңдайды. Жақсы білім алып, үздік оқу орнына түскенін қалайды. Осы мақсатты жүзеге асыруға аталған бағдарламаның көп септігі тиері сөзсіз. Өйткені, балаға құйған инвестиция болашақта өз жемісін береді.

- “Bilim–Life” – бұл сақтандыру қорғанысын ғана емес, әрбір ата-анаға маңызды қаржылық мақсаттарды жүзеге асыруда ерекше мүмкіндік. Бірегей және таптырмас қаржы құралы. Егер баласына ерте жастан ақша салып отырса, университетке оқуға түсер кезде жеткілікті сома жиналады. Қаржылық қиындықтан құтылады. Қарыз алып, несие төлеп отырмайды. Сақтандыру шарты кірістілік мөлшерлемесі мен мемлекеттік сыйақымен ерекшеленеді, - дейді филиал директоры.

Сөзімізді тарқатып айтсақ, сақтандыру жинағына жыл сайын 8 пайыздық кепілдендірілген кіріс пен 5 пайыз мемлекет тарапынан сыйақы қосылып отырады. Аз қамтылған, көпбалалы отбасы балаларына мемлекет 7 пайыз сыйақы төлейді. Бала мектеп бітіріп, ЖОО-на түскенде жинақты өзі таңдаған оқу орнының шотына аударады. Қазақстандағы немесе шетелдегі кез-келген оқу орындарының ақысын төлеуге қауқарлы. Егер бала білім грантын иеленсе, басқа баласына сақтандыруды қайта рәсімдей алады. Жинақ мөлшері бойынша ешқандай шектеу қойылмайды. Сақтандыру жарнасын ай сайын, тоқсан сайын, тіпті жарты жылда бір рет немесе жылына бір рет таңдау мүмкіндігі бар.

Бұдан бөлек “Болашақ-Life”, “Рента+” және “Бәйтерек” жинақтаушы бағдарламаларының жұмыс істейтінін тілге тиек етті. “Рента+” сақтандыру қорғанысына ие болған адам екінші зейнетақыға қол жеткізеді. Тағы бір артықшылығы, жинақты кепілге қоя отырып, несие де рәсімдеуге болады. Сонымен қатар, төрт бағдарлама бойынша да ҚР Заңнамасына сәйкес, салықтық жеңілдіктер қарастырылған.

- Өмірде түрлі жағдайлар болып жатады. Адам өмірден өткенде немесе жазатайым оқиға тап болғанда шығындар өтеледі. Мысалы, 1,2 топ мүгедектігі анықталған жағдайда, сақтандырудың үшінші жылында кез келген себеп бойынша сақтандыру жарналарын төлеуден босатылады. Ақтөбеде өмірін сақтандырып, жинағын сыйақысымен қосып алған адамдар да бар, - дейді “Қазақстан Халық Банкінің өмірді сақтандыру бойынша “Халық-Life” еншілес компаниясы ” АҚ Ақтөбе қаласы филиалының директоры.

Қорыта айтқанда, бүгінгі таңда білім алудың маңыздылығы артып келеді. Білімді ұрпақ - елдің болашағы. Балаға жағдай жасау, жан-жақты дамып, білім алуын қамтамасыз ету - әр ата-ананың алдындағы зор міндет. Ол үшін қаржы жинап, жеке капиталға сенім арту артық етпейді. Сайып келгенде, мұның бәрі қаржылық сауаттылыққа келіп тіреледі. Толық ақпаратты 7123 телефон нөмірі арқылы хабарласып, білуге болады.


Әлеумет
13:30, 19 май 2023
1 589
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив