Ақтөбеде өгей әкесі 17 жастағы қызды ұрып, мұрнын сындырған

Ақтөбеде ер адам 17 жастағы бойжеткенді аяусыз ұрып, мұрнын сындырған. Бұған бойжеткеннің өгей әкесінің өз бөлмесіне шақырған ұсынысынан бас тартуы себеп болған. Ең сорақысы, анасы қызына қорлық көрсеткен күйеуін кешіруді сұрап отыр екен.
Жансая ЕСМАҒАНБЕТ
Ақтөбедегі сұмдық жағдай туралы әлеуметтік желіде «HUMAN RIGHTS LAWYERS» қоғамдық қорының басшысы Ләззат Рақышева жазды. Қоғам белсендісінің сөзінше, қоғамдық қорға ақтөбелік бойжеткен хабарласқан. Ол өгей әкесінің 12 жылдан бері анасын ұрып-соғып, қорлық көрсететінін айтқан. Әпкесі үйдегі зорлық -зомбылыққа шыдамай, бөлек кетіп қалған. Кейін өгей әкесі 17 жастағы қызды ұрып-соғып, қорлық көрсеткен. Ер адам мас күйде сабақ оқып отырған қызын бөлмесіне шақырады. Алайда ол бас тартады. Сол кезде өгей әкесі оны ұрып, мұрнын сындырған.
- Мен қыздың суретін көрдім. Беті қан жоса . Еденнің үсті де қан- қан. Мұны көріп, жүрегім ауырып кетті. Бұл оқиғаның ең өкініштісі — анасы қызына зорлық көрсеткен күйеуін кешіруді сұрап отыр екен. “Мен үшін кешірім беріңдер” депті. Бала өз үйінде неге қорлық көруі керек? Анасы баласын қорғаудың орнына неге күйеуін кешіруді сұрайды? Қыздың мәліметінше, іс 108-бап бойынша қозғалып, бірінші күні күдікті босатылған. Әлеуметтік желіде шу болған соң, қайта қамалған. Бізде осындай қымыскерлер жазасын алу үшін міндетті түрде резонанс болу керек па? Бірінші күні неге қамалмаған? Тек резонанс болғанда ғана бала мен әйелдің құқығы қорғала ма? Әркім өз міндетін неге дұрыс атқармайды?-дейді Ләззат Рақышева.
Қоғам белсендісінің мәліметінше, бұл оқиғаға қатысты Қылмыстық Кодекстің 108-бабы бойынша (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтiру)іс қозғалған. Алайда бастапқыда күдікті босатылған. Резонанстан кейін ол қайта қамалған.
- Ақтөбе қаласының полициясы мен прокуратурасына осы істі жан-жақты тексеруді, қыздың жарақатына және өгей әкесінің жыныстық сипаттағы сөздеріне құқықтық баға беруді талап етеміз,-деді Ләззат Рақышева.
Полиция оқиғаға қатысты пікір білдірді. “Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ақтөбе қаласының 43 жастағы тұрғыны ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізілуде” - деп хабарлады Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

