Ақтөбеде анасын өлтірген оқушының соты басталды

Ақтөбеде анасын өлтіріп, әжесін жарақаттаған оқушының ісі сотта қарала бастады. Сот барысында жасөспірімнің ақыл-есі кем екендігі айтылды.

Айгерім ЖҰМАБАЕВА

kerekinfoaktobe@gmail.com

      Жантүршігерлік  оқиға былтыр 1 желтоқсанда Ақтөбеде болған. Сол күні түнде жасөспірім өз үйінде әжесі, анасы және інісімен бірге тамақтанып отырған. Әңгіме барысында оқушы анасына мемлекеттік емтиханда таңдаған пәніне көңілі толмайтынын айтқан. Анасы оның сөзін елемей қойған. Бұған ашуланған 16 жастағы бала ас үйге барып, пышақ алған. Соңыра анасын бірнеше жерден жарақаттаған. 42 жастағы әйел алған жарақатынан сол жерде көз жұмған. Қанды оқиғаны көрген әжесі немересін тоқтатпақ болады. Алайда жасөспірім ашумен кейуанаға да пышақ сұққан.

      Іс сотта ҚР Қылмыстық кодексінің  24-бабының 3-бөлігі (Қылмысқа оқталу) және 99-бабының 2-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша қаралып жатыр. Сот отырысында жасөспірімнің психикалық жағдайына қатысты сараптама нәтижелері жарияланды. Оған шизофрения диагнозы қойылғаны, сондай-ақ созылмалы психикалық дертке шалдыққаны айтылды. Жасөспірім облыстық психикалық денсаулық орталығына жатқызылған. Сот отырысына жасөспірімнің әкесі мен әжесі қатысты. Туыстарының айтуынша, балада   бұрын-соңды мінез-құлқында өзгеріс байқалмаған.

     Сотта белгілі болғандай, 2009 жылы туған жасөспірім бұған дейін Ақтөбедегі №28 мектепте білім алған. Оқу үлгерімі төмендегеннен кейін анасы оны «Достық» мектебіне ауыстырған. Алайда жаңа оқу орнында да үлгерімі жақсармаған. Анасы мен баласының арасында осыған байланысты келіспеушіліктер болған. Келесі сот талқылауы 3 қыркүйекке белгіленді.

Құқық
15:56, 27 август 2026
272
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив