Ақтөбе кітапханаларының 215 мыңнан астам оқырманы бар

Ақтөбе кітапханалары бір жылда 215 мыңнан астам оқырман қабылдаған. Қала кітапханаларының жылдық есебі қорытындыланып, жетістіктері мен өзекті мәселелері сараланды.

Айгерім ЖҰМАБАЕВА

kerekinfoaktobe@gmail.com

  Михаил Ломоносов атындағы қалалық орталық кітапханада «Қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің жылдық есебі тыңдалды. Жиында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, оқырман санын арттыру және кітапхана қызметін жетілдіру мәселелері талқыланды. Кездесуге қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжайна Бисенғалиева мен мәдениет үйлерінің директорлары қатысты. Жылдық есепті мекеме директоры Гүлнар Салиева баяндады.

Кітапхана қызметіне сұраныс жоғары

Есепті кезеңде қалалық кітапханаларда 532 көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, оның тоғызы онлайн форматта өткен. Мәдени-танымдық кездесулер мен әдеби кештерге 31 600 адам қатысқан. Кітапхана қызметін пайдаланушылар саны 33 400 адамды құраған. Ал кітапханаларға келушілер саны 215 мыңнан  асты.  Оқырмандарға 345 500 дана кітап берілген. Қазіргі таңда кітапханалардың жалпы қоры 234 мыңға жуық  дананы құрайды. Оның 97 мыңнан астамы - мемлекеттік тілдегі әдебиеттер. Кітапханаларда әдеби кездесулер, танымдық сағаттар, поэзиялық кештер мен түрлі мәдени жобалар ұйымдастырылып келеді.

Әдеби мұраны ұлықтауға басымдық берілген

Жыл бойы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және әдебиет пен өнерді насихаттауға бағытталған шаралар өтті. Михаил Ломоносов атындағы қалалық орталық кітапханада композитор, өнер зерттеушісі Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына орай «Ғасырлар пернесі – ғибрат ғұмыр» атты оқырман конференциясы ұйымдастырылды.Ұлттық кітап күні аясында әдеби-сазды кештер, кітап көрмелері мен танымдық кездесулер өткізілді. «Сөзбен өрілген сезім» жобасы шеңберінде Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған «Жүрек. Өлең. Ғұмыр» атты поэзия кеші өтті. Сондай-ақ жас кітапханашылардың шығармашылық қабілетін шыңдау мақсатында «Кітапхана аруы – 2026» байқауы ұйымдастырылды.

Балалар әдебиеті де назардан тыс қалмаған

№5 балалар кітапханасында ақын Әнуарбек Дүйсенбиевтің 95 жылдығына арналған «Балалардың сырбаз ақыны» атты әдеби кеш өтті. Ұлттық кітап күні аясында Шымкент қаласының кітапхана жүйесімен бірлесіп, «Кітаппен бірге болашаққа» телекөпірі ұйымдастырылды. Ал №6 модельді кітапханада ақын Жұлдыз Қожабековамен кездесу кеші өтті. Бұдан бөлек №2 кітапханада «Туған жер – тұнған шежіре» атты ақпараттық-тарихи сағат пен журналист Нұргүл Қонақбаевамен «Жаңалық жаршысы – ертеңнің сәулесі» атты сыр-сұхбат ұйымдастырылды.

Оқырман тартуға бағытталған бес жоба

Қала кітапханаларында оқырман санын арттыруға арналған бес жоба жүзеге асырылып келеді. «Сөзбен өрілген сезім» поэзияны насихаттауға бағытталса, «Аялдамадағы әдеби әлем» кітапты тұрғындардың күнделікті өміріне жақындатуды көздейді. Ал «Кітап. Кітапханада. Кітапханашы.» подкасты кітапхана қызметін жаңа форматта таныстырады. Сонымен қатар «Кітап гәп» және «Жасанды интеллект жаңа заман дәуірі» жобалары іске асырылуда.«Қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ әдіскері Гүлзайда Өтениязқызының айтуынша, жобалардың негізгі мақсаты – тұрғындардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру және әдебиетті кеңінен насихаттау. Сондай-ақ «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында оқырмандар конференциясы өтіп, қатысушылар оқыған шығармалары туралы пікір алмасты.

 Кадр мәселесі мен қаржыландыру өзекті

Кітапхана қызметінің сапасын арттыру үшін мамандардың біліктілігін жетілдіруге де көңіл бөлінген. Былтыр сегіз қызметкер білім алуға түссе, биыл жүйенің төрт қызметкері жоғары кәсіби оқу орындарына қабылданған.Дегенмен жиында штат санының жеткіліксіздігі де көтерілді. Қызметкерлерге түсетін жүктемені ескере отырып, қосымша штаттық бірліктер бөлу қажеттігі айтылды.Сонымен қатар кітапханалардағы интернет сапасының төмендігі, №4 М. Горький атындағы қалалық кітапхана ғимаратын жөндеу қажеттігі және кітап қорын толықтыруға бөлінетін қаражаттың 50 пайызға азаюы мәселелері талқыланды. Қызметкерлердің кәсіби дамуына арнайы қаржы қарастырылмағаны да айтылды.Бұл түйткілдер кітап қорын жаңартуға, электронды ресурстарды пайдалануға және оқырмандарға сапалы қызмет көрсетуге әсер етуі мүмкін. Сондықтан материалдық-техникалық базаны жақсарту мен мамандарды қолдау алдағы міндеттердің бірі болып отыр.

Жаңа аудандарға кітапхана қажет

Қала аумағының кеңеюіне байланысты кітапхана қызметін тұрғындарға жақындату мәселесі де көтерілді. Жиында Нұр-Сити ауданында кітапхана санын арттыру, Есет батыр тұрғын алабы мен қаланың Батыс ауданында сегіз кітапхана ашу қажеттігі айтылды.

Кітапханалар тұрғындардың білімін жетілдіруге, балалар мен жастардың танымын кеңейтуге және мәдени шараларға қатысуына мүмкіндік береді. Алайда жаңа нысандар ашу үшін ғимарат, қаржы және білікті мамандар мәселесін шешу қажет.

Алдағы міндеттер айқындалды

Жылдық есеп қорытындысында кітапхана қызметін жетілдіру, оқырман сұранысын қанағаттандыру және заманауи технологияларды енгізу бағытындағы міндеттер белгіленді.Бір жыл ішінде қалалық кітапханаларда жүздеген іс-шара өткізіліп, мыңдаған адамға қызмет көрсетілген. Сонымен бірге кітап қорын толықтыру, интернет байланысын жақсарту, ғимараттарды жөндеу, кадр тапшылығын шешу және жаңа аудандарда кітапхана ашу қажеттігі анықталды.Алдағы кезеңде осы мәселелерді шешу үшін тұрақты қаржыландыру, материалдық-техникалық жағдайды жақсарту және мамандарды қолдау маңызды. Қала кітапханаларының жұмысы атқарылған істерді жалғастырып қана қоймай, тұрғындардың кітапқа қолжетімділігін арттыруға бағытталуы тиіс.

Керек ақпарат
16:34, 22 октябрь 2026
56
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив