Ақтөбелік экобелсенділер Ақтолағайды қорғауға кірісті

«АТ» басылымында алматылық компанияның бірегей Ақтолағайда мұнай барлау жұмыстарын бастау жоспары туралы мақалалар топтамасы жарияланғаннан кейін табиғи ескерткішті қорғауға қоғам белсенділері мен ғалымдар да атсалыса бастады.
Александр Мандрыкин, табиғат қорғаушы, «Шешім және бірлескен іс-қимыл» қорының жетекшісі:
– Біз Ақтөбедегі табиғи ресурстар қорының өнеркәсіптік жүктемені қазірдің өзінде көтере алмай отырғанын жиі айтамыз. Бірақ облыс аудандарында да осындай жағдай қалыптасып келе жатқанын естен шығарамыз. Ақтолағайға қатысты жағдай – соның айқын дәлелі.
Ақтолағай – бұрынғы геологиялық дәуірлерден сыр шертетін таңғажайып табиғи ескерткіш. Ол палеонтология мен геология ғылымдары үшін аса құнды көптеген деректерді сақтап отыр. Бұл өңірдің табиғаты да ерекше: мұнда сирек кездесетін өсімдіктер, жануарлар мен құстар бар.
Егер мұнда мұнай барлау, одан кейін өндіру жұмыстары жүргізілсе, осы бірегей өлке жойылып кетуі мүмкін. Мұнай өндірілетін аймақтарда экологиялық жағдайдың қандай болатынын бәріміз жақсы білеміз.
Ақтолағайдың айналасында ені 11 шақырымдық қорғау аймағын іс жүзінде құра алмай, аумақтардың шекарасымен ойнауға көшкені – нағыз авантюраға ұласуы мүмкін әрекет. Мұндай тәуекелге баруға болмайды!
Бір қолыңмен қорықтық аумақты қауіптен қорғап жатқандай кейіп танытып, екінші қолыңмен оған жақын жерге мұнай барлау жұмыстарын әкелуге болмайды!
Ақтолағайға қатысты осындай шешімді биліктің өзі жариялаған еді: оны Шұңқыркөл геологиялық телімінің құрамынан шығарып, айналасында ені 11 шақырымдық қорғау аймағын құруға уәде берді. Енді сол шешімді өздеріңіз айналып өтудің амалын іздеп отырсыздар. Сөйтіп, өздеріңіз қабылдаған шешімге өздеріңіз қайшы келіп отырсыздар.
Бұған дейін жарияланған міндеттемелер орындалуға тиіс. Мұнай барлау жұмыстарын «Оңтүстік Ақтолағай үстірті» қорықтық аумағынан кемінде 11 шақырым қашыққа шегеру қажет!Әйтпесе, осынау қайталанбас табиғи сұлулықты сақтап қала алмаймыз!
Ақылжан Телеуов, биология ғылымдарының кандидаты, Жұбанов университетінің доценті:
– Ақтолағай сияқты табиғи аумақтарды жер қойнауын пайдаланушыларға игеруге рұқсат етілген учаскелермен ғана шектеуге болмайды. Өйткені мұндай табиғи аумақтарды құрудың негізгі мақсаты жоғалады. Оның мақсаты – жануарлар мен өсімдіктерді сақтап қана қою емес, сонымен қатар адам әрекетінің салдарынан жойылып бара жатқан түрлердің қайта қалпына келуіне және айналадағы табиғи ортаның биоалуантүрлілігін толықтыруға мүмкіндік беретін тіршілік ошағын сақтау.
Менің ойымша, осындай әрбір табиғи аумақтың өзіндік табиғи буферлік аймағы болуы керек. Бұл сақталып қалған өсімдіктер мен жануарлардың іргелес аумақтарға таралуына мүмкіндік береді. Осылайша ата-бабамыздан қалған жерлердің бірегейлігі мен тарихи құндылығы сақталады.
Ақтолағайдың салыстырмалы түрде шағын аумағында жер бедерінің әркелкілігіне байланысты өсімдіктердің сан алуан түрлері кездеседі. Мұнда борлы жалаңаш жартастарда өсетін өсімдіктер де, үстірттегі дала өсімдіктері де, тастақты учаскелер мен ылғалы мол ойпаңдарда өсетін өсімдіктер де бар. Осындай алуан түрлі тіршілік ортасы осы өңірге тән емес флоралық кешендердің қалыптасуына мүмкіндік беретін әртүрлі экологиялық қуыстар түзеді.
Ақтолағайдың құндылығы мұнда аймақтық өсімдік жамылғысына тән емес өсімдіктердің өсуімен ғана шектелмейді. Оның басты ерекшелігі – осындай өзіндік табиғи субстраттарда тіршілік ететін өсімдіктер түрлерінің сан алуандығы мен байлығында.
Бұл аумақта жыртқыш құстар көп кездеседі. Жер бедері де олардың тіршілік етуіне өте қолайлы. Оның үстіне, жыртқыш құстардың басым бөлігі қорғауға алынған. Өңірдің елді мекендерден шалғай орналасуы мұнда бауырымен жорғалаушылар мен кеміргіштердің де жеткілікті мөлшерде таралуына жағдай жасайды.
Ақтолағай – өсімдіктері мен жануарлары жер бедерімен тығыз байланысты біртұтас табиғи кешен. Геологияның, жер бедерінің, өсімдік жамылғысы мен жануарлар дүниесінің осындай үйлесімі біз «биоалуантүрлілік ошағы» деп атайтын құбылысты қалыптастырады. Біз осындай табиғи байлық ошақтарын сақтауға міндеттіміз!


