Автокөлікті өрттен сақтаңыз: өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптары
Автокөлікте өрт шығуы — көлік құралының зақымдануына, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін қауіпті жағдай. Өрт кенеттен пайда болуы мүмкін, сондықтан әрбір жүргізуші өрттің негізгі себептерін және өрт туындаған жағдайда қандай әрекет жасау керектігін білуі қажет.
Өрттің шығу себептері қандай?
Автокөліктегі өрттің жиі кездесетін себептерінің бірі — электр сымдарының ақауы, соның ішінде қысқа тұйықталу. Сонымен қатар жанармайдың немесе мотор майының ағуы, қозғалтқыштың қызып кетуі, отын жүйесінің ақаулары және көлік құралын пайдалану ережелерінің бұзылуы да өртке әкелуі мүмкін.
Сапасыз қосалқы бөлшектерді пайдалану, электр сымдарына өз бетінше өзгерістер енгізу және автокөлікке уақтылы техникалық қызмет көрсетпеу де өрт шығу қаупін арттырады.
Автокөлік өртенген жағдайда не істеу керек?
Түтін немесе күйік иісі байқалған жағдайда автокөлікті дереу қауіпсіз жерге тоқтатып, қозғалтқышты өшіру және барлық жолаушыларды көліктен шығару қажет. Содан кейін қауіпсіз қашықтыққа алыстап, өрт сөндіру қызметіне 101 немесе 112 нөмірлері арқылы хабарлау керек.
Егер өрт шағын болса және адамдардың өміріне қауіп төнбесе, автокөлік өртсөндіргішін пайдалануға болады. Қозғалтқыш бөлігінде өрт шыққан кезде капотты бірден толық ашуға болмайды, себебі оттегінің түсуі жалынның күшеюіне әкелуі мүмкін. Егер өрт тез таралса немесе жарылу қаупі болса, оны өз бетінше сөндіруге әрекет жасамаған жөн.
Өрттің алдын алу жолдары
Өрт шығу қаупін азайту үшін жүргізушілерге автокөліктің техникалық жағдайын үнемі тексеріп отыру, электр сымдары мен отын жүйесінің жарамдылығын бақылау, анықталған ақауларды уақытылы жою және көлікте жарамды өртсөндіргіш ұстау ұсынылады.
Сондай-ақ автокөлікті ашық оттың жанына қалдырмау және тез тұтанатын заттарды қауіпсіздік талаптарын бұза отырып тасымалдамау қажет.
Есіңізде болсын! Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, автокөліктің техникалық жағдайына мұқият қарау және өрттің алғашқы белгілеріне дер кезінде әрекет ету ауыр зардаптардың алдын алуға көмектеседі. Өрт анықталған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөмірлеріне қоңырау шалыңыз!
Дина Досжанова
Ақтөбе қаласының ТЖБ бас маманы


