Экологтар Қауылжыр өзенін құм карьеріне айналдыруға жол бермеді

 Экология департаменті өзен арнасынан құм өндіру Шалқар көлінің құрғауына әкеп соғуы мүмкін екенін мойындады.

 Ренат ТАИПОВ

aktobetimes@list.ru

  Бірнеше жылдан бері жер қойнауын пайдаланушылар Шалқар ауданындағы Ұлпан кен орнынан құм өндіруге рұқсат алуға тырысып келген. Ол үшін Мұғалжар тауларының сілемдерінен бастау алатын әрі Шалқар көлін сумен қоректендіретін Қауылжыр өзенінің арнасынан орасан зор карьер қазу жоспарланған. Ұлпан кен орнында құм өндіруге соңғы болып жеке кәсіпкер Аманбаев рұқсат алуға әрекет жасаған. Жер қойнауын пайдаланушы өзеннің жағалауы мен арнасынан 370 мың текше метр құм мен қиыршық тас өндіруді жоспарлаған.

    Жақында Экология департаментінің кәсіпкерге тиісті рұқсат беруден бас тартқаны белгілі болды.

-Қауылжыр өзенінде кен орнын игеру өзен арнасының морфометриялық және гидрогеологиялық сипаттамаларына кері әсер етуі мүмкін деген қорытындыға келдік. Сондай-ақ бұл өзен жағалауының шайылуына, судың лайлануына және қалқыма заттар концентрациясының артуына әкелуі ықтимал, — деп түсіндірді Экология департаменті экологиялық реттеу бөлімінің басшысы Айнұр Түгізбаева. — Бұдан бөлек, жер қойнауын пайдаланушының қызметі Шалқар көлінің сумен қоректену жағдайын өзгертуі мүмкін. Жүргізілген қарау нәтижесінде аталған жұмыстарға Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының қорытындысы болмағандықтан және жоба бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізілмегендіктен, рұқсат беруден бас тартылды.

    Айнұр Түгізбаеваның мәліметінше, ағымдағы жылдың тоғыз айында Экология департаментіне экологиялық скрининг жүргізу бойынша 495 өтінім түскен. Оның 184-і бойынша оң қорытынды берілсе, 253 өтінім бойынша бас тартылған.Қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) бойынша қорытынды алу үшін 53 өтінім келіп түскен. Оның ішінде 38 жобаға оң қорытынды беріліп, 9 жоба бойынша теріс қорытынды шығарылған.

 

Экология
15:27, 29 октябрь 2026
146
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив