Shell компаниясының мұнай іздеу жобасы қоғамдық тыңдауға шығарылады

 

    Shell компаниясының бес жерасты су кен орны маңында мұнай іздеу жобасы қоғамдық тыңдауға шығарылады. Мұнай іздеу жұмыстары Ақтөбе қаласын ауызсумен қамтамасыз ететін су алу нысаны орналасқан аумақта жүргізілмек.

Ренат ТАИПОВ

aktobetimes@list.ru

     Жанатұрмыс геологиялық телімінде бес жерасты су кен орны орналасқан. Оның жалпы аумағы 1 377 шаршы шақырымнан асады. Олар: Қарабұлақ, Сарыбұлақ, Құндақтықыр, Шұбарсай және Құмсай жерасты су кен орындары.

        Құндақтықыр кен орнында кеңестік кезеңнің өзінде Ақтөбе қаласының басым бөлігін сумен қамтамасыз ететін су алу нысаны салынған. Жақында облыс билігі Сарыбұлақ кен орнын игеру жұмыстары басталғанын хабарлады. Бұл жерден алынған су Құндақтықырға дейін жеткізіліп, одан әрі су құбырының екінші желісі арқылы Ақтөбеге беріледі. Билік өкілдерінің мәлімдеуінше, осы жобаны іске асыру арқылы ғана облыс орталығындағы ауызсу тапшылығы мәселесін шешуге болады.

      Бірнеше жыл бұрын қазақстандық компания бес жерасты су кен орнының маңында мұнай іздеу жұмыстарын жүргізуге әрекет жасаған. Алайда бұл талпыныстар нәтижесіз аяқталды. Сол кезде ақтөбелік экобелсенділер мұнайды барлау және кейіннен өндіру жерасты суларының ластануына әкелуі, сондай-ақ ауызсуға қатысты жобаның жүзеге асуына кедергі келтіруі мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірген.  Наурыз айында Жанатұрмыс аумағында мұнай барлау жұмыстарын британдық алпауыт Shell компаниясы жүргізетіні белгілі болды. Энергетика министрлігі аталған корпорациямен келісімшарт жасасып қойған.

   Көмірсутектерді барлау жұмыстарымен «Шелл РД Оффшор Венчурс Лимитед, Қазақстан» компаниясы айналысады. Жоспарға сәйкес, аумақтың бір бөлігінде сейсмикалық барлау жүргізіліп, тереңдігі 5 900 метр болатын барлау ұңғымасы бұрғыланбақ.

    Жоба экологиялық скрининг рәсімінен өтіп қойған. Экология департаменті компанияға қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) рәсімін де жүргізу қажет деген шешім қабылдады. Бұл үшін қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылуы тиіс. Олардың нақты өткізілетін күні қажетті құжаттар дайындалғаннан кейін белгілі болады.Экология департаментінің мәліметінше, скрининг нәтижесінде мынадай қорытынды жасалған:

     «Су кодексінің 92-бабының 5-тармағына және “Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы” кодекстің 25-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес, ауызсумен жабдықтау үшін пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкін жерасты су кен орындары мен учаскелерінің шекарасы шегінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге тыйым салынады. Осыған байланысты қоршаған ортаға әсерді бағалау барысында жоспарланған учаскені жерасты су кен орындарының шекарасынан тыс қалдырудың негіздемесі ұсынылуы қажет», — деп мәлімдеді Экология департаменті.

Экология
15:31, 29 октябрь 2026
123
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив