«Ramazan Qus» құс фабрикасын кеңейту жоспарланып отыр
Кәсіпорын қайта жаңғыртылғаннан кейін жылына 80 миллион жұмыртқа өндіру көзделген. Сонымен қатар жыл сайын атмосфераға 9,6 тонна ластаушы зат шығарылады және шамамен 6 мың тонна түрлі қалдық түзіледі деп күтілуде.
Ренат ТАИПОВ
aktobetimes@list.ru
Ясный кентінде құс фабрикасын басқаратын «Ramazan Qus» ЖШС кәсіпорынды кеңейтіп, тауық жұмыртқасын өндіру көлемін арттыру жоспары бар екенін мәлімдеді. Осы мақсатта компания бес жаңа құс қорасын салуды көздеп отыр. Қолданыстағы ескі құс қоралары қайта жабдықталады. Сонымен қатар фабрика аумағында құрамажем цехының өндірістік корпусын салу жоспарланған.Жаңа корпустар салынғаннан кейін кәсіпорын жылына 2,5 миллион басқа дейін тауық өсіруді жоспарлап отыр. Ал жұмыртқа өндірісінің көлемі жылына 80 миллион данаға дейін ұлғаймақ.
Еске сала кетейік, құс фабрикасына жақын маңдағы аудандардың тұрғындары кәсіпорынға қатысты шағымдарын үнемі айтып келеді. Ақтөбеліктер фабрикадан шығатын жағымсыз иіске наразылық білдіреді. Сасық иістің негізгі көздерінің бірі бұрынғы құс саңғырығын сақтау алаңында жиналып қалған қалдықтар болған. «АТ» басылымы бірнеше мақала жариялап, қоғам белсенділері мен Экология департаменті мәселені жіті назарға алғаннан кейін ғана ескі саңғырық сақтау орны жойылды.
Құс фабрикасында жаңадан түзілетін тауық саңғырығының көлемі өте көп. Былтыр бұл қалдықтар Ақтөбе теңізінің жағасына үйілген болатын. Экология департаменті 2025 жылдың мамыр-маусым айларында Ақтөбені жайлаған адам төзгісіз жағымсыз иістің шығуына дәл осы саңғырық үйінділері себеп болғанын мойындаған. Кейіннен қалдықтар көміліп, шаруа қожалықтарының бірі оларды тыңайтқыш ретінде пайдаланған.
Құс фабрикасы кеңейтілгеннен кейін кәсіпорыннан шығатын зиянды заттардың көлемі азая қоймайтыны түсінікті.Қолда бар құжаттарға сәйкес, кәсіпорын жаңғыртылғаннан кейін атмосфераға шығарылатын ластаушы заттардың жалпы көлемі жылына 9,6 тоннаны құрайды.
«Қарастырылып отырған нысанды пайдалану кезеңінде ластаушы заттар шығаратын 17 ұйымдастырылған және 5 ұйымдастырылмаған көз қарастырылған. Олар атмосфераға барлығы жеті түрлі ластаушы зат шығарады. Атап айтқанда, азот диоксиді мен азот оксиді, аммиак, күкірт диоксиді, күкіртсутек, көмірқышқыл газы және құрамажем шаңы».
Сонымен қатар құжаттарға сәйкес, құс фабрикасында жыл сайын 2 400 тонна астық шаңы мен 3 500 тонна тауық саңғырығы түзіледі.
Бұған дейін Экология департаменті құс фабрикасында озондау жүйесі орнатылғанын хабарлаған еді. Департамент мәліметінше, осы жүйенің арқасында атмосфераға шығарылатын ластаушы заттардың көлемі 17 пайызға азайған. Алайда фабрика кеңейтілгеннен кейін де дәл осындай жүйе қолданыла ма, жоқ па — әзірге белгісіз.


