Еңбекке жол ашқан жәрмеңке
Ақтөбеде Республика күні қарсаңында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Оған 20 мекеме қатысып, жүзге жуық жұмыс орнын ұсынды.
Назгүл ӘБЕТОВА
kerekinfoaktobe@gmail.com
Ақтөбе қаласында жыл басынан бері 7 бос жұмыс орны жәрмеңкесі өткізілген. Нәтижесінде 285 адам тұрақты жұмыс тапқан. Ақтөбе қалалық “Мансап” орталығының директоры Айна Мурзатаеваның айтуынша, бұл -осымен сегізінші рет өткізіліп тұрған жәрмеңке. Жәрмеңкеде жабдықтау жөніндегі менеджер, есепші, дефектолог, аспаз, наубайханашыларға жұмыс ұсынылды. Сонымен қатар мейірбике, сату жөніндегі менеджер, жүргізуші және шаруашылық меңгерушісін іздегендер болды. Қатысушылар жұмыс берушілермен кездесіп, еңбек шарты, жалақы туралы ақпарат алды.
- Жәрмеңкенің жүйелі түрде өткізілуі тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мұндай шара еңбек нарығындағы сұранысты қанағаттандыруға бағытталған ,- деп түсіндірді Айна Юлдагалиқызы.
Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне күзет бөлімінің бақылаушысы, бақылаушы-кинолог мамандықтарына сұраныс бар. Департамент қызметкерлеріне бір сағаттың ішінде 10 адам жұмыс сұрап, тіркелген. Оларға кадр жөніндегі мамандар хабарласып, әңгімелесуге шақырады.
Жыл соңына дейін 2 жәрмеңке өтеді
Ақтөбеде биыл 10 бос жұмыс орны жәрмеңкесін өткізу жоспарланған. Оның ішінде төртеуі-мамандандырылған жәрмеңке. Нақтырақ айтқанда, екеуі борышкерлер, пробация есебінде тұрғандар мен түрмеден босап шыққандарға ұсынылса, екеуі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Өткізілген бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне жұмыс іздеп жүрген 1088 адам қатысқан. Оларға өндірістік және қызмет көрсету саласындағы ұйымдар мен кәсіпорындар тарапынан сұранысқа ие мамандықтар бойынша 700-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды.
Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетованың айтуынша, биыл “Жұмыспен қамтудың жол картасы” аясында 12 мыңнан аса адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінге дейін соның 10 мыңнан астамы екі қолға бір күрек тапқан.
-Жыл басынан бері өткізіліп жатқан бос жұмыс орындары жәрмеңкелерінің арқасында келген азаматтардың жоқ дегенде 50 пайызы өзіне қажетті жұмысты тапты. Бізден жолдама алғаннан кейін әрбір азамат мекемеге барып, әңгімелесуге қатысады. Мамандығына қарай жұмыс істейді. Жақында пробация есебінде тұрған азаматтармен кездесіп, жәрмеңке ұйымдастырдық. Сол кезде есепшоттарының бұғатталғаны белгілі болды. Олармен “Отбасын қолдау орталығының” заңгерлері жұмыс істеді. Жұмыс берушілер 150-350 мың теңге жалақы ұсынды. Бірақ оларға бұл табыс көңілдерінен шықпады. Қазір мұнай саласы мен теміржолға сұраныс жоғары. Алайда екеуіне де вакансия жоқ, - деді бөлім басшысы.
Жұмысқа кел, жас маман!
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде азаматтарды еңбекке орналастырудың түрлі мүмкіндіктері қарастырылған. Оқуды жаңа бітірген түлектер еңбек жолын “Жастар практикасымен” бастай алады. Бұл бағдарламаға 35 жастан аспаған жұмыссыздар қатысады. Олар оқуды соңғы 5 жыл ішінде аяқтаған болуы керек. Ұзақтығы -1 жыл. Жалақы бюджет қаражаты есебінен төленеді. Бір жылдан соң сол мекеме тұрақты жұмысқа алып қалады. Биыл Ақтөбеде “Жастар практикасына” 501 жас бағытталған.
Еңбек етсең, ерінбей
Жұмыспен қамту бағдарламалары арқылы жұмыс іздеушілерге жан-жақты қолдау көрсетіледі. Тіпті еңбек етуге ниетті жандарға жас та кедергі емес. Зейнетке шығуына екі жыл қалған адамдар “Күміс жас” жобасы арқылы жұмысқа орналаса алады. Қатысушылар өз тәжірибесі арқылы еңбек жолын жалғастыруына мүмкіндік бар.
- Ал қоғамдық жұмыстар – жұмыссыз азаматтарға, алдын ала кәсіптік даярлығын талап етпейтін және әлеуметтік пайдалы бағыттылығы бар, уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін арналған. Бұл “Мансап” орталығы мен жұмыс берушілер арасында жылына жасалатын келісім – шарт арқылы ұйымдастырылатын қызмет түрі. Еңбекақысы - 88 608 теңгені құрайды ,- деді “Мансап” орталығы филиалының директоры Айна Мурзатаева.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жұмыссыз азаматтарға белгілі бір мамандықты қысқа уақыт ішінде меңгеріп, жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін оқыту түрі. Оқу мерзімі 6 айға дейін. Кәсіптік оқыту олардың меншік нысанына қарамастан жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша ұйымдастырылады. Бұл ретте салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды тұрақты жүргізетін, жалақысы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ және бір жылдан астам жұмыс істейтін жұмыс берушілер қатысады.
7000 адам жұмыссыз ретінде тіркелген
Ақтөбеде биыл 48 мекемеден 130 жұмысшы қысқартылған. Соның үшеуі зейнеткер. Ал 71 адам жұмысқа орналасса, 5 адам жеке кәсібін ашқан. Сонымен қатар басқа облысқа қоныс аударғандар мен жұмыссыз ретінде тіркеліп, әлеуметтік төлем алып отырғандар да бар. Кейбірі жұмыс іздеуші ретінде орталық қызметіне жүгінбеген.
- Қысқартуға байланысты мәліметтер келіп түскен мекемелердің қатарында «QazServiceGroup» ЖШС, «Қазақтелеком» АҚ, «ТК «Қазхром» АҚ, «Ұлттық сараптама орталығы» Ақтөбе облысы бойынша филиалы және басқа да мекемелер бар, - деді филиал директоры.
Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметі бойынша, бүгінде 7000 жұмыссыз тіркелген. Оның 4500-і жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алатындар. Бос жұмыс орындары www.enbek.kz электронды еңбек биржасы порталында жарияланады. Қазір Ақтөбе қаласы бойынша порталда 3714 бос жұмыс орны орналастырылған.
Еске сала кетейік, егер сіз жұмыс іздеп жүрсеңіз, тұрғылықты жеріңіз бойынша Мансап орталығының филиалына, сондай-ақ "электрондық үкіметтің" веб-порталына (www.egov.kz) және электрондық еңбек биржасында (Enbek.kz) тіркеле аласыз.


