Педофилия үшін сотталған ер адам тағы жаза арқалады
Сурет ЖИ арқылы жасалды.
Ақтөбеде 16 жасқа толмаған қызға зорлық жасаған Қырғызстан азаматы тағы сотталды. Бұл жолы 47 жастағы ер адам өзі жазасын өтеп жатқан түрмеде бүлік шығарып, бейнекамераны сындырған.
Жансая ЕСМАҒАНБЕТ
Оқиға тамыз айында болған. Сот құжаттарына қарағанда, сотталушы ҚР Ішкі Істер Министрлігінің қылмыстық атқару жүйесі комитетіне қарасты №8 мекемесінде( бұдан әрі-№8 мекеме-ред.) жазасын өтейді. Өйткені ол былтыр Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Қылмыстық Кодекстің 122-бабының 1-бөлігімен ("Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау") және 121-бабының 3-бөлігімен (Кәмелетке толмаған балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) 16 жылға сотталған. Алайда ол түрменің ішкі тәртібін біле тұра асханадағы бейнебақылау жүйесін темірмен 9 рет ұрып, қасақана сындырған.Оның іс-әрекеті салдарынан №8 мекемеге 45 мың теңгеге материалдық шығын келген. Тергеу органдары оған Қылмыстық Кодекстің 428-бабының 1-бөлігімен айып тақты. Сотта ер адам өзінің кінәсін толық мойындады. Айтуынша, ол бейнебақылау камерасын мекеменің ауласындағы қоқыстан тауып алған темірмен бірнеше рет ұрған. Ол талап-арызды мойындайтынын, бірақ қазір оны төлеуге мүмкіндігі жоқтығын жеткізді. Енді қайталамайтынын айтып, ант-су ішкен ол жаза мерзімін көбейтпеуді сұрады.Ақтөбе қаласының №2 соты оны түрмедегі бейнебақылау камерасын қасақана бүлдіргені үшін кінәлі деп танып, тағы 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Яғни, ол бұрынғы өтелмеген жазасын қоса есептегенде түпкілікті 14,6 жылын абақтыда өткізеді. Ер адамға жаза өтеу орны ретінде қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесі тағайындалды. Бұдан бөлек ол №8 мекемеге келген шығынды толық қайтаруы тиіс. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.


