Ақтөбеде алданған туристер сотқа келді
Ақтөбеде алданған туристерге қатысты сот процесі басталды. Туристік компанияның директоры мен қызметкеріне алаяқтық бабы бойынша айып тағылып отыр. Алайда олар кінәсін мойындамайды.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
kerekinfoaktobe@gmail.com
Ақтөбеде «Еркош тур» (кейінгі атауы «Four Tour») туристік фирмасынан зардап шеккендер сотқа келді. Тергеу мәліметінше, барлығы 49 адам алданып қалған. Олар Түркия, Дубай мен Еуропа елдеріне жолдама сатып алған. Шетелге саяхаттауды жоспарлаған тұрғындар ақшаларын төлегенімен, сапарға шыға алмай қалғандарын айтады. Жәбірленушілердің сөзінше, зардап шеккендердің саны 200-ден асады. Әзірге тек сот процесіне алданғандардың тек бір бөлігі ғана қатысып жатыр.
«1 миллион 400 мың теңге төледім»
Жәбірленуші Гаухар Шунгилова сәуір айында турфирмадан екі бағытқа жолдама сатып алғанын айтады. Стамбулға бару үшін 600 мың теңге, ал Еуропаға саяхаттау үшін 800 мың теңге төлеген. Алайда сапарлары жүзеге аспай қалған.
– Турды сатып алғанша үнемі хабарласып, байланыста болды. Ақшаны алғаннан кейін хабарсыз кетті. Маған бастапқыда келісімшарт та жасамады. Өзім кеңсесіне барып, талап еттім. Содан кейін ғана екеуара келісімшарт жасалды. Еуропаға виза алу мәселесін шешіп беретінін айтқан. Қазір маған 1 миллион 100 мың теңге қарыз. Сәуір-мамыр айларында тур сатып алған адамдардың көбі ұша алмай қалды. Соған қарамастан, тур сатуды жалғастырған, – дейді ол.
Жәбірленушінің айтуынша, кейбір клиенттер 2025 жылдан бері ақшасын қайтара алмай жүр. Ол барлық жәбірленушінің шығыны өтеліп, сот процесі ашық өткенін қалайды.
Мальдивке барамын деп алданып қалған
Элина Бақытова биыл ақпан айында Мальдив аралдарына үш күндік тур сатып алған. Оның құны 400 мың теңге болған. Ақшаны онлайн аударып, келісімшартты да интернет арқылы алған.
– Ақша төлегеннен кейін чат ашылып, сапарға қажетті ақпараттар арнайы топқа жіберілетінін айтты. Бірақ белгіленген уақыт жақындаса да, ешқандай топ ашылмады. Ақша аударған қыздарға хабарласқанымызда телефондарын көтермеді. Содан Instagram арқылы өзім сияқты алданып қалған адамдарды іздей бастадым. Кейін жиналып, арыз жаздық, – дейді жәбірленуші.
Оның сөзінше, кейін жолдасына айтып, турфирма өкілінен ақшасын қайтарып алған.
Дубайға сапар да кейінге қалды
Гүлжан Ахметова былтыр қараша айында Дубайға бару үшін 250 мың теңгеге тур сатып алған. Жоспар бойынша, ол биыл қаңтарда саяхаттауы тиіс еді. Жәбірленуші жолдаманы онлайн рәсімдеп, келісімшарт алған. Алайда сапар уақыты жақындағанда турфирма өкілдерімен байланысу қиындаған.
– Алғашында рейске қатысты мәселе бар екенін айтты. Екі ай күттім. Қайта-қайта хабарласып, ақшамды сұрадым. 14 күн ішінде қайтарамыз деді. Бірақ соза берді. Наурыз айында 100 мың теңге қайтарды, қалғанын әлі алған жоқпын, – дейді ол.
Турфирма өкілі не дейді?
Алайда үй қамағында отырған айыпталушы өзіне тағылған айыптаумен келіспейді. Турфирма өкілі Еркебұлан Аймұратұлының айтуынша, жағдайға серверлердегі техникалық ақау мен туристер баратын елдегі геосаяси жағдай себеп болған.Ол ақшаны қайтаратын ниеті болғанын айтады. Алайда қамауға алынғандықтан, мұндай мүмкіндіктен айырылған көрінеді.
– Біз клиенттерге жағдайды түсіндіріп, 11 маусымға дейін уақыт беруін сұрадық. Ақшаларын біртіндеп қайтарып отырдық. Алайда 24 мамырда мені тергеу изоляторына қамады. Телефон мен интернетті пайдалануға мүмкіндік болмады. Сондықтан клиенттермен байланыса алмадым. Егер мүмкіндік берілгенде, барлығының ақшасын қайтарар едім, – деді ол.
Еркебұлан Аймұратұлы өзіне тағылған айыппен келіспейтінін және клиенттердің ақшасын иемденіп, қашып кетпегенін айтты. Сондай-ақ турфирмаға қатысты 50 адамның арызы түскенін мәлімдеді.
Қандай бап бойынша айып тағылды?
Прокурор Сәкен Сәрсенбайұлының айтуынша, кәсіпкер Еркебұлан Аймұратұлы Қылмыстық Кодекстің 190-бабының 3-бөлігі ( Алаяқтық) бабы бойынша айыпталып отыр. Қазір қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Егер кінәсі дәлелденсе, ол 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Өңірде ішкі турзиммен айналысатын 7 туроператор бар
Қазір Ақтөбе облысында ішкі туризм бағытында лицензиясы бар 7 туроператор жұмыс істейді. Ал туристік фирма ашу үшін кәсіпкерлікті тіркеп қана қоймай, заңда белгіленген талаптарды орындау қажет.
Облыста ішкі туризм бағытында лицензия алған компаниялар қатарында «Әлемгер» ЖШС, «Hotel Group» ЖК, «ТМС Казахстан» ЖШС, «Ногуманов» ЖК, «Узакбаева» ЖК, «Тлешева» ЖК және «Batys tour company» ЖШС бар.
Туристік фирма ашу үшін не қажет?
Ақтөбе облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының мәліметінше, Қазақстанда туристік компанияны жеке кәсіпкер (ЖК) немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) ретінде тіркеуге болады. Қызметтің бағытына қарай кәсіпкер лицензия алуы немесе қызметінің басталғаны туралы хабарлама жіберуі тиіс.Туроператорлық қызметпен айналысу үшін тиісті лицензия қажет. Сонымен қатар кәсіпкер ұйымдастыратын туристік өнімін әзірлеп, туризм саласында білімі бар және кемінде бір жыл еңбек өтілі бар қызметкерді жұмысқа тартуы керек. Сондай-ақ компанияның меншігінде немесе заңды негізде пайдаланатын кеңсесі болуы қажет. Бір айта кетерлігі, «Еркош тур» туристік компаниясының қызметі бұған дейін де сотта қаралған. Кейін атауын «Four Tour» деп өзгерткен компания былтыр туроператорлық қызметке берілген лицензиясынан айырылған. Саяхатшыларды алдап, басы дауға қалған туристік фирма жалғыз бұл емес. Облыстық соттың мәліметінше, қазір «Роял Травел» компаниясына қатысты қатысты қылмыстық іс те сотта қаралып жатыр.


