Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватының экс-басшысы сотталды

 Ырғыз ауданында табиғи резерваттың бұрынғы директоры  балық аулау ережесін бұзған тұрғындардан пара алған. Бұдан бөлек оған тергеу органдары “заңсыз оқ-дәрілерді  сақтады” деген айып тақты.

 Еркежан СЕРІК

kerekinfoaktobe@gmail.com

     Іс Ырғыз аудандық сотында қаралды. Сот құжаттарына қарағанда, барлығы 5 адамның үстінен “пара алу”,  “пара беру” және “парақорлыққа делдал болу” және  “заңсыз оқ-дәрілерді сақтау” баптары бойынша  қылмыстық іс қозғалған. Сотталғандардың арасында  табиғи резерваттың бұрынғы басшысынан  бөлек  Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Ырғыз ауданы бойынша бас маманы, Ырғыз, Арал ауданының тұрғындары бар. Бірінші эпизод бойынша,ауыл тұрғыны  Құтикөлде тыйым салынған тормен балық аулаған.  Бұл үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып,  86 500 теңге айыппұл төлеуі тиіс еді. Алайда инспектор мұны шешудің жолын ұсынады. Яғни, оған әкімшілік хаттама толтырмау үшін 25 мың теңге талап еткен. Ауыл тұрғыны бұған келісіп, өзінде бар 21 мың 660 теңгені есепшотқа аударған. Істе тағы бір эпизод бар. Бұл жолы ол танысымен бірге Байтаққөлден үш күн бойы  заңсыз балық ауламақ болған Арал ауданының тұрғынынан пара алған. Инспектор браконьерден  заң бұзған әр күні  үшін 65 мың  теңгеден , яғни жалпы 195 мың теңге талап еткен. Соңғысы  қолында ақшасы болмағандықтан,өзі үйіне тоқтаған шаруа қожалығының иесінен 100 мың теңге қарызға сұрайды. Инспектор  параны  делдал арқылы алады. Алайда олардың бұл әрекеті заңға қайшы екенін түсінген шаруа қожалығының иесі Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаментіне арызданған. Кейін балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы резерваттың бұрынғы бас директорымен сөз байласып, тағы бір балықшыдан  әкімшілік хаттама толтырмау үшін  50 мың теңге пара алған. Инспектор «Үлкен Айкөл» көліне тексеру жүргізу кезінде оның тыйым салынған аумен балық аулағанын анықтаған. Оған әкімшілік хаттама толтырмау үшін ақша талап етіп, келісімін алған. Сотталушылар қаражатты тең бөліскен. Бұдан бөлек табиғи резерваттың бұрынғы директорына   “оқ-дәрiлердi заңсыз сақтау” бабы бойынша айып тағылды. Сот материалдарына қарағанда, ол Ақтөбеде көшеден Макаров тапаншасына арналған оқ -дәрілерді тауып алып, Ырғыздағы үйінде заңсыз сақтаған.Полицейлер 23 дана патронды  оның үйіне тінту жүргізген кезде табады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде  сотталушылар өз кінәларын мойындап, процестік келісімге келген.  Ырғыз аудандық соты оларды кінәлі деп таныды. Сотталушылар сот шешімімен айыппұл арқалап, бостандықта қалды. Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Ырғыз ауданы бойынша бас маманына 5 млн 133 мың теңге айыппұл жазасы тағайындалды. Ал Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватының  экс-басшысы мемлекетке  8 млн.  650 мың теңге айыппұл төледі. Оған өмір бойына мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында,мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға тыйым салынды. Парақорлыққа делдал болған адам да жазасыз қалмады. Сотталушыға 1 млн теңге айыппұл салынды. Ал пара берген үшеуге ақша көлеміне байланысты  325 мың теңгеден 1,5 млн теңгеге дейінгі айыппұл жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енді.


Құқық
15:18, 05 ноябрь 2026
89
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив