Дискордантты жұп: АИТВ отбасылық бақытқа кедергі емес
Қазіргі таңда медицина қарқынды дамып, бұрын емделуі қиын саналған көптеген ауруларды бақылауда ұстауға мүмкіндік беріп отыр. Солардың бірі – адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ). Бүгінде АИТВ-мен өмір сүретін адамдар уақтылы анықталып, антиретровирустық емді тұрақты қабылдаса, ұзақ әрі белсенді өмір сүріп, отбасы құрып, дені сау ұрпақ тәрбиелей алады.
Соңғы жылдары халық арасында жиі қойылатын сұрақтардың бірі – дискордантты жұп туралы. Бұл ерлі-зайыптылардың немесе тұрақты серіктестердің бірінде АИТВ анықталып, екіншісінде анықталмаған жағдай.
Кейбір адамдар мұндай жұптардың бірге өмір сүруі қауіпті деп ойлайды. Алайда қазіргі ғылыми деректер мүлде басқа жағдайды көрсетеді. Егер АИТВ-мен өмір сүретін адам дәрігер тағайындаған антиретровирустық терапияны (АРТ) күн сайын тұрақты қабылдап, қандағы вирустық жүктемесі ұзақ уақыт бойы анықталмайтын деңгейде сақталса, жыныстық жолмен вирустың берілу қаупі болмайды. Бұл әлемдік медицинада «Анықталмайтын = Берілмейтін» (U=U) тұжырым ретінде мойындалған.
Әрине, бұл нәтижеге тек емді үзбей қабылдау, дәрігердің бақылауында болу және жоспарлы зертханалық тексерулерден уақытылы өту арқылы ғана қол жеткізіледі. Сондықтан емге жоғары бейілділік – өз денсаулығын сақтаудың ғана емес, жақын адамын қорғаудың да маңызды кепілі.
Дискордантты жұптар үшін тағы бір маңызды мәселе – бала сүю. Бұрын бұл үлкен алаңдаушылық туғызса, қазіргі таңда медицина қауіпсіз жүктілікті жоспарлауға мүмкіндік береді. Инфекционист пен акушер-гинекологтың бақылауында болып, барлық медициналық ұсынымдарды орындаған жағдайда АИТВ-ның анадан балаға берілу қаупін айтарлықтай төмендетуге болады. Сондықтан АИТВ диагнозы ата-ана болуға кедергі емес.
Сонымен қатар АИТВ анықталмаған серіктеске де өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау маңызды. Дәрігердің кеңесіне жүгіну, уақтылы тестілеуден өту және ұсынылған алдын алу шараларын сақтау отбасының амандығын қамтамасыз етуге көмектеседі.
Өкінішке қарай, бүгінгі күні қоғамда АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты негізсіз қорқыныш пен стигма әлі де кездеседі. Ал шын мәнінде олар өзгелер сияқты еңбек етеді, білім алады, отбасын құрады және қоғамның толыққанды мүшесі болып табылады. Оларға ең алдымен түсіністік, қолдау және дұрыс ақпарат қажет.
Ақтөбе облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы тұрғындарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады. Егер АИТВ берілу қаупі болған деп күмәндансаңыз немесе АИТВ-статусыңызды білгіңіз келсе, тексерілуден өтуден тартынбаңыз. Ерте анықталған АИТВ инфекциясы уақытылы емді бастауға, денсаулықты сақтауға және вирустың берілуінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Есте сақтаңыз: АИТВ – үкім емес. Дұрыс ақпарат, заманауи ем және жауапкершілік көптеген отбасының бақытты өмір сүруіне жол ашады.
Алия Ердібекова
Облыстық АИТВ инфекциясының
алдын алу орталығының инфекционист дәрігері


