Ақтөбелікке сапасыз киім үшін ақшасы қайтарылды
Ақтөбе тұрғынына сапасыз қысқы күртеше үшін 240 мың қайтарылды.Сатушы бастапқыда ақшаны қайтарудан бас тартқан. Алайда мамандар араласқаннан кейін тұрғын қаражатын толық қайтарып алды.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
kerekinfoaktobe@gmail.com
Ақтөбе облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне Ақтөбе қаласының тұрғынынан базардан сатып алынған қысқы күртешенің сапасына қатысты шағым түсті.Тұрғын қысқы күртешені 240 мың теңгеге сатып алып, ақысын Kaspi арқылы 12 айға бөліп төлеген. Сатушы күртешенің ішіндегі толтырғыш түйе жүнінен жасалғанын айтқан. Кейін бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіні белгілі болған. Сатып алушы күртешені дүкенге апарып, ақшасын қайтаруды сұраған. Тауар киілмеген, заттаңбасы мен бастапқы қалпы сақталған. Бірақ сатушы ақшаны қайтаруға келіспеген.Осыдан кейін тұрғын Ақтөбе облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағымданған. Департамент мамандары сатушыға заң талаптарын түсіндірген соң, 240 мың теңге тұтынушыға толық қайтарылды.Заң бойынша, азық-түлікке жатпайтын тауарды сатып алған күннен бастап 14 күн ішінде қайтаруға немесе айырбастауға болады. Ол үшін тауар пайдаланылмаған, бастапқы қалпы мен заттаңбалары сақталған болуы керек. Мамандар тұтынушыларға құқығы бұзылған жағдайда департаментке жүгінуге кеңес береді.


