Ақтөбеде кәсіпкерді өлтіріп кетті
Ақтөбеде атыс қаруынан жарақат алған ер адамның мәйіті табылды. Марқұм жергілікті жанармай құю бекеттері желісінің директоры болған.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
Әлеуметтік желіде ер адамның мәйіті табылғаны туралы ақпарат тарады. Бейресми дерек бойынша, 49 жастағы ер адам "Гелиос" жанармай құю бекеттері желісінің директоры болған. Бетперде киген ер адам марқұмды өлтіріп, ақша мен алтын бұйымдарды алып кеткен. Кейін кәсіпкердің әйеліне тиесілі көлікке мініп, ізін суытқан.
Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі кісі өлімін растады. Бұл дерек бойынша Қылмыстық Кодекстің 99 бабының 2-бөлігі (Адам өлтіру)бойынша іс қозғалды. Полицияның мәліметінше, екі күннен соң жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде кәсіпкерді өлтірген күдікті ұсталды. Ол-Ақтөбе қаласының тұрғыны. Қылмысты ашу үшін Ақтөбеге Ішкі істер министрлігі орталық аппаратының тәжірибелі жедел қызметкерлері жіберілген. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Ішкі істер министрлігінің бақылауында.
