Ақтөбеде жемқорлық үшін сотталған экс-шенеунік тағы жазаланды
Ақтөбеде түрмеде жазасын өтеп жатқан экс-шенеунікке тағы айып тағылды. Бұған дейін 6 жылға сотталған Жандос Әлімов қосымша жаза арқалады.
Жансая ЕСМАҒАНБЕТ
kerekinfoaktobe@gmail.com
Бұл жолы экс-шенеунікке бір эпизод бойынша лауазымдық өкілеттілігін теріс пайдаланды деген айып тағылды. Оқиға 2023 жылы болған. 38 жастағы Жандос Әлімов ол уақытта Ақтөбе қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы болған. Іс құжаттарына қарағанда, экс-шенеунікке әйелінің туған әпкесі тұрғын үйді жалдау шартын қайта рәсімдегісі келетінін айтқан. Әйел өзінің өтінішіне атасының қайтыс болғаны туралы куәлікті тіркеген. Алайда ол пәтерге әйелдің де, оның туысының да еш қатысы болмаған. Әрі сотталушының қайынапасы мұқтаж адам ретінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекке тұрмаған. Соған қарамастан,экс-шенеунік туысына көмектеспек болып, оның өтінішін тұрғын үй комиссиясының қарауына жолдаған.Соңыра ол лауазымдық өкілеттілігін теріс пайдаланып, тұрғын үй комиссиясы мүшелерін қайынапасының заң талабына сай келетініне сендірген. Сөйтіп, екеуара Есет батыр көшесіндегі тұрғын үйді жалдау туралы шарт жасалған. Кейін тұрғын үйді жекешелендірген. Ал бір жылдан соң экс-шенеуніктің енесі пәтерді басқа бір адамға 5 млн. теңгеге сатып жіберген. Тергеу органдарының пайымдауынша, Жандос Әлімовтің лауазымдық өкілеттіліктерін теріс пайдалануы салдарынан мемлекетке 9 млн 455 мың теңге мөлшерінде ірі залал келген. Сотта ол өз кінәсін мойындаған жоқ.
-Қандай заң нормасын бұзғанымды түсінбеймін. Комиссия мүшелеріне ешқандай қысым көрсеткен жоқпын. Тұрғын үй комиссиясының отырысында бұл пәтердің берілуін қолдадым. Өйткені бұл тұрғын үй «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасына жатпайды. Өтініш беруші тұрғын үйді кезексіз алуға құқылы болды. Ол тұрғын үйді «толық емес отбасы» санаты бойынша алды. Мен өз қызметімді жүзеге асыру барысында тек өзімнің лауазымдық өкілеттіктерімнің шегінде әрекет еттім. Тұрғын үй комиссиясы туралы ережені және тұрғын үй қатынастары саласындағы қолданыстағы заңнаманы басшылыққа алдым. Ешқандай заң бұзушылықтарға жол берген жоқпын. Азаматтық талапты мойындамаймын. Мені ақтауыңызды сұраймын, -деді ол. Алайда сот экс-шенеуніктің лауазымды тұлға бола тұра тұрғын үй беру тәртібін бұзғанын, тұрғын үй комиссиясының қарауына тиісті өтінішсіз мәселелер енгізгенін, кезектен тыс және тұрғын үй кезегінде есепте тұрмаған тұлғаларға қатысты шешімдердің қабылдануын қамтамасыз еткенін анықтады. Жандос Әлімов Қылмыстық Кодекстің 361-бабының 4-бөлігі ( лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану) бойынша кінәлі деп танылды. Сот оны бұрынғы өтелмеген жазасын қоса есептеп, түпкілікті 6 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ экс -шенеунік өмір бойына мемлекеттік қызметті атқару құқығынан айырылды. Бұдан бөлек ол Ақтөбе қаласы әкімі аппаратына келген материалдық шығынды толықтай қайтаруы тиіс.
Айта кетелік, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімін 2021–2024 жылдары басқарған Жандос Әлімов сәуір айында 6 жылға сотталған еді. Ол таныстары мен туыстарына мемлекет есебінен заңсыз пәтер бергені үшін кінәлі деп танылған. Заңсыз әрекеттердің салдарынан 33 пәтер мемлекет меншігінен шығарылып, келтірілген жалпы залал 48 миллион теңгеден асқан.


