Дәмханадағы жарылыстан екі адам зардап шекті
Ақтөбеде дәмханада жарылыс болып, 13 пәтер мен 4 кәсіпкер шығынға батты. Екі адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді. Абырой болғанда қаза тапқандар жоқ.
Аружан СМАҒҰЛОВА
@smagulova__aruzhan
Оқиға Тәуелсіздік даңғылы бойындағы дәмханалардың бірінде болған. ТЖД мәліметінше, бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан дәмханада газ-ауа қоспасының жарылысы болған. Салдарынан жапсарлас құрылыс бөлігі опырылып, өрт шыққан. Тұрғын үйдің терезелері де зақымданған. ТЖД-нің 45 қызметкері мен 10 техника жұмылдырылды.
Жарылыс болған сәтте №46 бағыттағы автобус өтіп бара жатқан. Автобус жүргізушісі Уәлихан Жаңабаевтың айтуынша, жарылыс кезінде автобусқа көлік соғылғандай дауыс шыққан.
— Автобуста 10-15 шақты жолаушы болды. Кенет автобусқа көлік соққандай қатты дауыс шықты. Жолаушылардың зәресі ұшты. Бірден тежегішті басып, сыртқа шықтым. Сөйтіп кафенің жарылғанына куә болдым. Жарылыс салдарынан автобус есігінің әйнегі шытынапты, — деді автобус жүргізушісі.
Жедел жәрдемнің 2 бригадасы оқиғадан зардап шеккендерге тиісті медициналық көмек көрсетті. Екі адам №1 қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Политравма бөліміне жатқызылмақшы болған әйел ауруханада қалудан бас тартты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше. екінші науқас ауруханада емделіп жатыр. Жағдайы тұрақты.
— Үйдің астында орналасқан 4 бизнес объектісіне зақым келді. Жеке бизнес иелеріне терезелері жарылған және басқа да материалдық шығын келтіргенін заң аясында техникалық тексерту және бағалау ұсынылды. Сонымен қатар, пәтерлерге де обход жасалып, иелерімен әңгімелесу жүргізілді. 13 пәтердің иелері терезелері сыну сияқты әртүрлі зақым келгенін айтты. Олар айтқан зақымдарды заң аясында анықтау үшін техникалық тексеру және бағалау сарапшылық мамандары шақырылды. Олар осы апта техникалық қорытындысын береді.
Жарылыс болған нысанның иесі техникалық бағалаудан кейін пәтерлерге де, бизнес нысандарға да келтірілген шығынын заң аясында өтеуге міндеттелетін болады (ол өтеуге алдын ала келісімін беріп отыр).
Техникалық бағалау жұмыстарына кеткен шығынды да жарылыс болған нысан иесі төлейді.
Қазір төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жарылыстың шығу себебі бойынша жұмыстар жүргізуде, экспертизалар тағайындалды, — делінген қалалық әкімдіктің баспасөз хабарламасында. ТЖД мәліметінше, аталған оқиға бойынша ҚР ҚК-нің 292 бабы 2 бөлігімен қылмыстық іс тіркелді. Қазір мамандар оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.


