Науқасқа үміт сыйлайтын бөлімше
Ақтөбедегі №1 қалалық көпсалалы ауруханасы жанындағы паллиативтік көмек бөлімінде қазір 18 адам жатыр. Олардың басым бөлігі инсульттен кейінгі науқастар мен деменцияға шалдыққандар.
Назгүл ӘБЕТОВА
Бөлім 11 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда ұзақ уақыт медициналық бақылауды қажет ететін адамдар жатқызылады. Олар емхананың жолдамасымен келіп, 20-30 күн ем қабылдайды. Күтімді арнайы оқытылған медбикелер мен санитарлар жасайды. Бөлімше меңгерушісі Дина Тукешева паллиативті көмекке деген сұраныстың жылдан-жылға артып келе жатқанын жеткізді. Бұған созылмалы аурулардың, неврологиялық дертке шалдыққандардың көбеюі себеп болып отыр. Сондай-ақ бұл жерде науқастарға ғана емес, олардың жақындарына да психологиялық қолдау көрсетіледі. Өйткені отбасындағы бір адамның ауыр науқасқа шалдығуы - жақындарын да психологиялық күйзеліске түсіреді.
- Бұл бөлімшеге созылмалы аурулары бар, инсульттен кейінгі науқастар, деменцияға шалдыққан қариялар, мүмкіндігі шектеулі жандар жатқызылады. Жарақат алып, тұрақты күтімді қажет ететін жастар да келеді. Кейбіреуінің ешкімі жоқ. Тіпті жақындары болғанымен күтіп жасау қиынға соғады. Жақыны күтпеген жерден инсульт алса, отбасы мүшелеріне де оңай емес. Олар не істерін білмей, абдырап қалады. Науасқа қалай дұрыс күтім жасау керектігін білмейді. Осындай кезде паллиативтік көмек бөлімшесінің маңызы зор, - деді Дина Ғазизқызы.
Мейірбике мен санитарлар төсек тартып жатқан науқастарда ойық жараның пайда болуы мен пневмонияның алдын алу үшін күндіз - түні қол ұшын созып, қамқорлық көрсетеді. Жеке бас гигиенасын сақтауға көмектесіп, уақытылы тамақтандырып тұрады. Дина Тукешеваның сөзінше, паллиативті бөлімшедегі күтім мейіргерлерден шыдамдылық пен жанашырлықты талап ететін жұмыс.
- Медбикелер мен санитарлар науқастың ауырсынуын басып, өмір сапасын жақсарту үшін барынша тырысады. Бұл жерде жұмыс істеу оңай емес. Қызметкерлер стреске төзімді, психологиялық тұрғыдан дайын деп айта аламын. Өйткені түрлі жағдайдағы адамдар келіп түседі. Тіпті өзінің кім екенін білмейтін науқастар да бар. Үйі-күйі жоқ адамдар паллитивтік көмек бөлімшесінен кейін әлеуметтік бейімдеу орталығына жіберіледі. Ауыр жағдайда келіп, өз аяғымен үйінен шыққан науқастарды көргенде қатты қуанамыз, - деді бөлімше меңгерушісі.
Аурухана жанындағы паллиативтік бөлімшеде былтыр 250 науқас ем қабылдаса, биыл 10 айдың ішінде 211 адам жатып шыққан. Оның ішінде ауылдан келетіндер де бар. Әсіресе қыс мезгілінде паллиативті бөлімшеге түсетін науқастар саны артады екен.
Еске сала кетейік, Ақтөбеде М.Оспанов атындағы БҚМУ Медициналық орталығында да 40 орынға арналған паллиативті бөлімше жұмыс істейді. Бұл жерге тек қатерлі ісікке шалдыққан науқастар жатқызылады.


