Түрмедегі бүлікшілер сотта төбелес шығарды

Сурет ЖИ арқылы жасалды.

Ақтөбедегі  №8 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан 10 адам қосымша жаза арқалады. Олар түрмеде бүлік шығарып, білектерін кескен.  Қатаң жаза арқалаған сотталушылар үкімді жариялаған кезде де қарсылық білдіріп, төбелес шығарды.

 Айгерім Жұмабаева

kerekinfoaktobe@gmail.com

Ақтөбе қаласының №2 сотында түрме тәртібін бұзған 10 сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды. Олардың арасында адам өлтіру, зорлау, қарақшылық және терроризмді насихаттау қылмыстары үшін сотталғандар бар. Сотталушылар колония әкімшілігінің заңды талаптарына топтасып бағынбай, бүлік шығарды деп айыпталып отыр. Қарсылық кезінде бір топ жігіт  білектерін өткір затпен тілген. Тіпті мекеме қызметкерлеріне күш қолданып, мүліктерді бүлдірген. Бір бейнетіркегіш пен екі радиоқабылдағыш істен шыққан. Түрмедегі тәртіпсіздік салдарынан үш қызметкер дене жарақатын алған. Келтірілген материалдық шығын 778 мың теңгеден асқан.

     Сотталушыларға тағылған айып әртүрлі. Тергеу органдары олардың басым бөлігіне Қылмыстық кодекстің 428-бабының 3-бөлігі бойынша(Қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына топтасып бағынбады) айып тақты. Енді біріне Қылмыстық Кодекстің 429-бабының 3-бөлігі (Мекеме қызметкерлеріне күш қолданды) деген айып қоса тағылды. Сот отырысында айыпталушылар өз кінәларын мойындаған жоқ. Дегенмен сот  олардың қылмысқа қатысы бар екенін бейнежазбалар арқылы, куәлар мен жәбірленушілердің жауаптары мен  бірнеше сараптаманың қорытындысы арқылы дәлелдеді.

    Ақтөбе қаласының №2 сотының судьясы Ғалымбек Кушенов  сотталушыларды кінәлі деп танып, өтелмеген жазаларын қоса есептегенде  6 жылдан 11 жылға дейінгі бас бостандығын айыру жазасын тағайындады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.Үкім жарияланып жатқан кезде  сотталушылар айқай шығарып, сот залындағы  шыны қоршаудан секіріп  түсуге әрекеттенді. Осы сәтте оларды  сол жерде болған конвой қызметкерлері тоқтатуға тырысты. Төбелес кезінде сот ғимаратындағы бірнеше үстелдер де сынып, жарамсыз болып қалды. Әзірге бұл үшін оларға қандай жаза тағайындалатыны белгісіз.



Құқық
16:40, 19 ноябрь 2026
72
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив