Жас балуандар батырлар жүлдесін сарапқа салды

  Ақтөбе облысында грек-рим күресінен кіші жасөспірімдер арасында Асау мен Барақ батырлардың құрметіне арналған ашық облыстық біріншілік өтті. Өңірде алғаш рет ұйымдастырылған жарысқа 10 командадан 210 жас балуан қатысты.

 Айгерім ЖҰМАБАЕВА

kerekinfoaktobe@gmail.com

 Ақтөбеде тарихи тұлғалардың есімін ұлықтауға арналған спорттық дода ұйымдастырылды.Әкелі-балалы Асау мен Барақ батырлардың жүлдесіне арналған турнир жас ұрпаққа батырлардың ерлік жолын танытып, олардың өнегесін насихаттауды мақсат етеді. Біріншіліктің ашылу салтанатына облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары қатысты.Ол жас спортшыларға сәттілік тілеп, мұндай жарыстардың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі және өңір спортының дамуына қосар үлесін атап өтті. Турнирге Ақтөбе облысынан 10 команда қатысып, жас балуандар боз кілемде өзара мықтыны анықтады. Олар түрлі салмақ дәрежесінде бақ сынап, жеңіс үшін белдесті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар жас спортшылардың тәжірибесін арттырып қана қоймай, олардың бойында табандылық, намыс пен жеңіске деген жігерді қалыптастыруға ықпал етеді. Асау мен Барақ батырлардың есімімен аталған біріншілік – спорттық бәсекемен қатар, тарихи мұраны ұлықтап, батырлар өнегесін кейінгі ұрпаққа жеткізетін тағылымды бастама. Жарыс қорытындысында 11 алтын, 11 күміс және 21 қола медаль табысталды. Асау мен Барақ батырлардың есіміне арналған бұл біріншілік жас балуандардың тәжірибе жинақтап, шеберлігін шыңдауына мүмкіндік берді. Сонымен қатар тарихи тұлғалардың өнегелі өмірін кейінгі ұрпаққа танытатын тағылымды шараға айналды.

Спорт
16:28, 13 ноябрь 2026
213
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив