Ақтөбеде шахмат шеберлері кездесті
Ақтөбеде шахматтан ҚР Парламенті Сенатының «Senat Open 2025» II ашық Кубогінің облыстық іріктеу турнирі өтті.
Елімізде шахмат спортының дамуы жаңа белеске көтеріліп, көпшіліктің осы интеллектуалдық спортқа деген қызығушылығы артып келеді. Ақтөбе облысы мәслихаты мен Қазақстан Шахмат Федерациясы бірлесіп ұйымдастырған шахматтан ҚР Парламенті Сенатының «Senat Open 2025» II ашық Кубогінің облыстық іріктеу турнирі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің Аққағаз Досжанова атындағы конференц холлында өтті. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясының Ақтөбе облысы бойынша филиалының атқарушы директоры Арман Елдесов хабарлады.
Екінші рет өтіп отырған бұл турнирдің басты мақсаты – шахматты кеңінен насихаттау, халық арасында оның танымалдылығын арттыру және көпшілікті интеллектуалдық спортқа тарту. 2024 жылғы бірінші турнирдің сәтті өтуі бұл жарыстың дәстүрге айналуына негіз болды. Шахмат ойыны логикалық ойлау, стратегиялық жоспарлау және сабырлылық сияқты маңызды қасиеттерді дамытуға ықпал етеді. Сондықтан мұндай жарыстардың өтуі қоғам үшін үлкен маңызға ие. Турнир облыс орталығы Ақтөбе қаласы мен ауданнан келген жүзден астам шахмат сүйер қауымға жаңа мүмкіндіктер туғызды. Олар өз шеберліктерін сынап, тәжірибе алмасты, жаңа таныстар тапты. Турнирдің ашылу салтанатына облыс әкімдігі, Ақтөбе облысы мәслихатының және KazChess басшылығы қатысып, шахматты дамыту бағытында бірлескен жұмыстарды атап өтті. Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов қатысушыларға бейнеқұттықтау жолдап, турнирдің маңыздылығын атап өтті. Швейцария жүйесі бойынша өткен аса тартысты 9-турдың (рапид) қорытындысы бойынша облыстан отыз бес шахматшы «Senat Open 2025» жартылай финалына жолдама алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль, диплом және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Турнир барысында әйелдер арасында танымал шахматшы, 5 дүркін Қазақстан чемпионы, халықаралық дәрежедегі ФИДЕ шебері, 2024 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Аманжол Ханзада Жанкелдіқызы мүмкіндігі шектеулі балалармен бір мезеттік ойын сеансын өткізіп, ерекше балаларға өз шеберліктерін көрсету мүмкіндігін сыйлады. Шахмат жарысының дәстүрге айналуы өңірде шахмат спортының дамуына ықпал етіп, жастар арасында осы спорт түріне деген қызығушылықты арттырып, еліміздің интеллектуалдық спорт саласындағы беделін нығайтуға зор үлес қосады.