Балабақша қызметкері жұмысқа келмей, ақша алып отырған
Сурет Жи арқылы жасалды
Ақтөбедегі №6 “Орман ертегі” бөбекжай-балабақшасында шаруашылық қызметкері жұмысқа келмей-ақ ақша алып отырған. Мұндай былықты Ақтөбе облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті тексеру кезінде анықтады.
Назгүл ӘБЕТОВА
Департамент басшысының орынбасары Қият Жұмабаевтың айтуынша, аудит 2022-2025 жылдарды қамтыған. Тексеру кезінде жұмыс істемеген адамға негізсіз ақша аударылғаны анықталған. Бөбекжай-балабақшаның шаруашылық қызметкері (кастелянша) ресми түрде жұмысқа қабылданған. Алайда іс жүзінде жұмысқа келмеген. Бұл дерек мекеме қызметкерлерінің түсініктемелерімен және қалалық білім бөлімі жүргізген зерделеу қорытындысымен расталған. Ал есепші шаруашылық қызметкеріне еңбекақы төлемдерін бұрынғы меңгеруші ұсынған есепке алу тебельдері негізінде жүргізген. Осылайша 2022-2025 жылдар ішінде жалпы сомасы 1 миллион 476,5 мың теңге бюджет қаражаты негізсіз аударылған. Қазір бұл іспен құқық қорғау органдары айналысып жатыр.
Ақтөбе облысында биыл 10 айдың ішінде 92 аудит объектісінде жалпы сомасы 38 737,6 млн. теңге болатын бұзушылықтар анықталған. Аудит нәтижесінде 93 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
